Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шиелі ауданы, Шиелі кенті, Мұхамеджан Қаратаев көшесінде «Промстройсервис.Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен салынған спорттық балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңының тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсіміне Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбіләкім Маханбетов, аудандық алқа билер төрағасы Тұрмат Баймағанбетов, «Промстройсервис.Е» серіктестігінің басшысы Манарбек Еспенбетов арнайы қатысты.
Халық игілігі үшін берілген жаңа нысанға қатысушылар жүрекжарды лебіздерін білдіріп, демеуші серіктестікке өз алғыстарын жеткізді.
«Биыл «Балалар жылы» аясында демеушілер есебінен ауданда 6 спорттық балалар ойын алаңдары салынуда. Осыған дейін демеушілер есебінен салынған 3 ойын алаңының тұсауы кесілді. Бірер күнде қалған балалар ойын алаңдары да пайдалануға беріледі», - деді аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков.
Айта кетейік, Қаратаев көшесіндегі аумағы 500 шаршы метрді алып жатқан ойын алаңы «Промстройсервис.Е» серіктестігінің демеушлігімен салынған. Мұнда спорттық балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы бар.

