Kyzylorda-news.kz. Көкшоқы мөлтек ауданындағы спорт комплексте Шиелі ауданының 95 жылдығына орай футболдан жасөспірімдер арасында турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатына аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов сөз сөйлеп, турнирге қатысушы жасөспірімдерді спартакиаданың ашылуы салтанатымен құттықтады.
– Жас ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау Мемлекетіміз үшін қашан да маңызды бағыттардың бірі саналады. Себебі, спорт адамды төзімділікке, табандылыққа үйрететін үлкен өмір мектебі секілді. Сондықтан Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты шұғылдануға шақырамын. Біз өз тарапымыздан Сіздерге қажетті барлық жағдайды жасайтын боламыз. Атап айтар болсам, жуырда Шиелі кентінен дене-шынықтыру сауықтыру кешені ашылмақ. Аталған кешеннің ашылуы аудандағы бұқаралық спорттың дамуына тың серпіліс береді деген ойдамын, – деді Алмат Алдабергенов.
Аталған турнирге кент және ауылдық округтерден арнайы 7 команда жасақталып, өзара сынға түсіп, бақ сынамақ. Сонымен бірге, турнирге қатысушы спортшылар намысты қолдан бермей, ойынды қыздыра түсуде.