Kyzylorda-news.kz. Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған спорттық-теориялық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спортының дамуына зор үлес қосты деуге болады.  Ал бүгінде қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізетін деңгейге дейін жетіп отыр.

Жауырыны жер иіскемеген кешегі Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды қазақ балуандарының ізін жалғап жүрген жерлесіміз Бекжан Төлепов тағы да туған жерге жеңіспен оралды. Айта кетейік, №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы орта мектептің түлегі, ауданның атын асқақтатып, көк байрағымызды биіктетіп жүрген спортшы Бекжан Төлепов екі дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ өткен жылы қазақ күресінен «Үздіктердің үздігі» яғни, жылдың ең үздік балуаны атанған болатын. Биыл да «Дала қырандары» республикалық турнирінде 55 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз мықтылығын дәлелдеп, «Дала қыраны» титулына ие болып, өз салмағының «Бас балуаны» атанғаны естеріңізде болар. Сол сәтте балуан желтоқсан айында Астана қаласында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатына іріктелген болатын. 

Міне, осы тартысты бәсекеде әзірбайжандық қарсыласынан басым түскен жерлесіміз үш дүркін әлем чемпионы атанды. «Болар елдің ұлдары бірін-бірі батыр дер» демекші, жеке кәсіпкер Балдәурен Құлқараев балуанға арғымақ мінгізіп, көк туымызды биікке желбірете беруіне тілектестігін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: