Kyzylorda-news.kz. Балалар мен жастарға ұлттық тәрбие беруде ұлттық ойындардың орны ерекше. Қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында «Жастар рухы» ЖҚ облыстық филиалы және қалалық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында мектеп оқушылары арасында «Садақ ату» ұлттық спорт түрінен республикалық сайыс өтті.
«Наман Ата» спорт кешенінде өткен сайысқа жергілікті ойыншылардан бөлек Түркістан, Шымкент, Астана, Алматы, Жаңаөзен қалаларынан келген жалпы саны 200-ге жуық қатысушы бақ сынады. Сайыскерлер жас ерекшеліктеріне сәйкес (10 және 15 жас) 4 категория бойынша сынға түсті.
Қазақ мергендерінің садақ ату өнерін дамытып, ұлттық құндылығымызды дәріптеліп жатқандығы қуанышты жағдай. Жалпы садақ ату әйел адамдар да, ер адамдар да шұғылдана алатын спорт түрі. Әсіресе жасөспірімдер мен балаларды тәрбиелеуде дәстүрлі садақ атудың пайдасы мол. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақсартады. Дене бітімнің сымбатты болуымен қатар сабырлы мінез қалыптастырады, - дейді ұйымдастырушы Сәдірбек Жұмабек.
Сайыс қорытындысы бойынша 10 жасқа дейінгі оқушылар арасында Шымкент қаласынан келген Есбай Алтынай, Абдуали Абубакир І-ші орынды, Түркістан облысынан Тұрсынбек Ақзере мен Ақтау қаласынан Сағынбай Абдуали ІІ-ші орынды иеленсе, ІІІ-ші орын қызылордалық Амина Қанатқызы мен шымкенттік Нұрали Абдіразаққа бұйырды.
15 жасқа дейінгі ұл қыздар арасындағы сайыста І-ші орынды түркістандық Аяна Тұрарбек пен шымкенттік Абдуали Амир, ІІ-ші орынды Түркістан облысынан келген Асылбек Ұлпан мен алматылық Нұрбергенұлы Айбынға бұйырса, ІІІ-ші орынды жерлесіміз Жансая Нұрланқызы мен Шымкент қаласынан келген Абдуали Мұхаммеджан қанжығалады.
Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен «Абай-Дәулет» ЖШС-нің демеушілігімен медаль және 400 мың теңге жүлде қоры табысталды.