Kyzylorda-news.kz. Сыр елінің қос балуаны қазақ күресінен республикалық «Үздіктердің үздігі» додасында топ жарып, алтын медальға ие болды. Байрақты бәсекеде бағы жанған Мақсат Исағабылов пен Бекжан Төлепов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында журналистерге жарыс туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына биыл тұңғыш рет қазақ күресінен үлкен дода ұйымдастырылды. Облыстың намысын 5 балуан қорғады. 100 келі салмақта Нұрым Сәлімгереев, 60 келіде Нұршат Әбілтаев және 55 келіде Серікболсын Шарипов пен Бекжан Төлепов, аса ауыр салмақта Мақсат Исағабылов бақ сынады. Спортшылардың барлығы жақсы өнер көрсетті. Екі балуанымыз бас бәйгені жеңіп, облыс обыройын асқақтатты. Жерлестеріміздің жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тәжмаханов.

Биыл Сыр спортшылары ел біріншілігінде барлығы – 1024 медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында – 40, әлем чемпионаттарында – 64 медаль қанжығалады.

Айтулы додада Сыр өңірінің намысын қорғап, жүлдегер атандық. Бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Бастысы үмітті ақтадық. Алдағы уақытта да үлкен додаларда олжалы болуға жаттығуды күшейтеміз. Бізге қолдау білдірген жерлестерге ризамыз, – деді Мақсат Исағабылов.

Кеше ғана өткен «Үздіктердің үздігі» республикалық бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналды. Әрине, жарыс оңай болған жоқ. Үлкен қолдау білдірген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына және жерлестерге алғысымыз шексіз. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жеңісті күндер әлі алда, – деді Бекжан Төлепов.

Тағы да оқыңыз: