Kyzylorda-news.kz. Шаһарда сәуір айында мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған республикалық турнир өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Коньки тебушілер федерациясының бас хатшысы Байтақ Тұрсынбаев мәлімдеді.

«Мәнерлеп сырғанау секциясында 60 бала жаттығады. Жақында көршілес елден жаңа жаттықтырушы келді. Андрей Васильевич мәнерлеп сырғанаудан спорт шеберіне үміткер, жастар арасында Ресей чемпионатының және халықаралық турнирлердің қатысушысы және жүлдегері. 10 жылдан аса бапкерлік қызмет атқарған. Ижевск, Набережные Челны, Мензелинск қалаларында жұмыс жасаған. Шәкірттері облыстық және жалпы Ресейлік жарыстарда жүлдегер атанған. Біз үш жылға келісім шартқа отырдық. Алдағы уақытта балаларды мұз үстінде өрнек салуға үйрететін болады. Сондай-ақ, “Мұз айдыны” кешенінде Шорт-трек спорт түрі де бар. Бүгінде жас спортшыларымыз жүлделі орындарды иеленуде», – деді Байтақ Әбілханұлы.

«Мұз айдыны» кешенінде спорттың 13 түрінен үйірме бар. Оның 8-і олимпиадалық спортқа бағытталған. Бүгінде жас спортшыларды республикалық, халықаралық турнирге дайындау мақсатында жаңадан жаттықтырушыларды да жұмысқа алдық. Алдағы уақытта спортшылардың жарыстарға қатысып, көк туымызды көкке желбірететініне кәміл сенемін, – деді «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры Илья Ильин.

Әлем бойынша Қазақстан мәнерлеп сырғанаудан алда келе жатқан сегіз мемлекеттің ішіне кіреді. Бұл жақсы көрсеткіш, үлкен жетістік десекте болады.

«Жас спортышаларымызды болашақта әлемдік аренада көргім келеді. Айта кететін жайт, мәнерлеп сырғанау спортына баланы 4 жастан берген дұрыс. Себебі, бала 1-2 жыл мұзға аяғын нық басып үйренуі керек. Осыдан кейін барып, бапкерлер секіру сынды жаттығуларды үйрете бастайды», – деді Мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Андрей Васильевич.

Тағы да оқыңыз: