Kyzylorda-news.kz. Ақпан айының 22-24 жұлдызы аралығында «Евразия» мәдени сауықтыру спорт кешенінде халық балуаны Қажымұқанды еске алуға арналған қазақ күресінен дәстүрлі республикалық ашық турнирі 10-ші мәрте өткізілмек.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Орманов мәлімдеді.

«Аталған турнир Республика бойынша 2022 жылдың алғашқы және ең ауқымды жоғарғы деңгейдегі ашық турнирі болмақ. Турнир 3 күнге созылады. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық спортшылары қатысып, боз кілемде белдеседі. Айта кету керек, бұл жарыстың ерекшелігі облыс құрамына алынған 36 спортшы жастарымыздың 25-і Қызылорда қаласының спортшыларынан құралған. Бұл дегеніміз, қала тұрғындарының қазақ күресіне жалпы спортқа деген қызығушылығының жоғары дәрежеде екендігінің айғағы», – деді бөлім басшысы.

Қазіргі таңда турнирге қатысу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан тапсырыстар қабылданды. Тапсырыс қабылдау әлі де жалғасуда.

Жарыс «Qazaq kuresi» Ассоциациясы бекіткен қазақ күресі ережесі бойынша өтеді. Барлық аймақтан 2002-2004 жылдары туылған жастар арасында әр салмақта 3 спортшыдан, өткізуші аймақтан әр салмақ дәрежесіне 4 спортшыдан жіберіледі. Әр салмақ дәрежесі бойынша 1 келі жеңілдік қарастырылған.

Турнирге қатысушы жеңімпаз спортшыларға Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат атағы беріледі.

Тағы да оқыңыз: