Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Евразия» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және қала күні мерекесіне арналған Қызылорда қаласына қарасты кенттер мен ауылдық округ тұрғындарының қатысуымен «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты спартакиаданың марапаттау рәсімі өтті.

Қала әкімінің бастамасымен бірінші рет ұйымдастырылып отырған бұл шара қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтер арасындағы ынтымастықты нығайту, бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуды насихаттайды. Бір айға созылған айтулы додада елдімекендерден 400 – ге жуық спортшы қатысып, спорттың 7 түрінен өзара мықтылар анықталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтау үшін арнайы барған қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы «Қызылорда – олимпиада саңлақтары – Ильяны, Қамшыбекті дүниеге әкелген қасиетті өлке. Бұқаралық спорты дамыған, салауатты халқы бар қазыналы қоныс. Қазір қалада жаңадан ашылған спорт нысандары қызылордалықтарға қызмет көрсетіп келеді. Заман сұранысына сай теннис орталығы, мұз айдыны келушілерді кедергісіз қабылдауда. Мұның барлығы да қызылордалықтарды салауаттылыққа ынталандыратын қадамдар» – екендігін атап өтті.

Жарыс қорытындысымен 7 сайыс түрінен үшінші орынды Ақжарма ауылдық округінің, екінші орынды Тасбөгет кентінің, бірінші орынды Ақсуат ауылдық округінің құрама командалары еншіледі.

Жеңімпаздарға дипломдар мен спорттық киім жиынтықтарын алуға арналған сертификаттар табысталды.
Аталған шара жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады.

Тағы да оқыңыз: