Kyzylorda-news.kz. Қазалыда көгалдағы хоккей үйірмесі бар екенін екінің бірі біле бермейді. Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде 2011 жылы ашылған спорт үйірмесінің қол жеткізген жетістіктері көңіл қуантарлықтай.

Үйірменің жетекшісі көгалдағы хоккейден ұлттық құраманың мүшесі, қызылордалық «Қайсар» хоккей клубының сапында өнер көрсететін Мұқағали Сансызбаев. Ол жақында ғана ұлттық құрама сапында Орталық Азия кубогін жеңіп алды.

Көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері жаттықтыратын жасөспірімдер облыстық, республикалық деңгейдегі бәсекелерде жүлделі болып үлгерген. Мәселен олар өткен жылы облыс біріншілігінің жеңімпазы атанып, биік белесті бағындырды. Сондай-ақ, 2014 жылы көгалдағы хоккейден өткен респуликалық жарыста үшінші, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған IV республикалық турнирде екінші, «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубының кубогіне арналған республикалық турнирде екінші, ұлдар арасындағы Қазақстан Республикасының ел біріншілігінде үшінші орынды иеленді.

Мұқағалидің бір шәкірті Бақытбек Қоңырбай қазіргі таңда Алматы қаласында көгалдағы хоккеймен кәсіби тұрғыда айналысып жүр. Көптеген жарыстарға Алматы қаласының атынан қатысып, үздік нәтижелерге қол жеткізуде.

Тағы да оқыңыз: