Kyzylorda-news.kz. Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде ел көптен күткен «Күрес залы» ашылды. Жеке кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаева тарту еткен ғимараттың тұсаукесер рәсімі еліміздің ең ұлық, қасиетті де қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орайластырылып, жұрт игілігіне пайдалануға берілді. Аталған залдың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұса Қалдарбеков қатысып, сөз сөйледі.

Қармақшы ауданының №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері соңғы 5 жыл бойы спорттың қазақ күресі, самбо түрінен кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаеваның иелігіндегі жеке ғимаратта жаттығып келген болатын. Жасыратыны жоқ, алғашқыда аталған ғимараттың бөлмелері болашақ палуандарға тарлық еткені рас. Кейіннен оған кәсіпкер күрделі жөндеу жасап берген соң бір шешімін тапқандай болған. Жақында аудан әкімдігінің ұсынысымен ол ғимаратқа «Жұмыспен қамту орталығы» орналасып, татами төрінде шыңдалып жүрген шәкірттер дайындығынан уақытша қол үзген. Көп ойланбастан Үрзада Үсенқызы өз қаражатына осы «Күрес залын» салып, жас спортшыларға сыйға тартуды жөн көріпті. Міне, сол жастардың арманы орындалып, спорт ғимаратының лентасы қиылды. Енді олар осы «Күрес залында» еш алаңсыз жаттыға алады.

«Бұл жастарды 5 жылдан бері білемін. Олардың бұрынғы ғимаратта күн сайын жаттығып жатқандарына көзіміз үйреніп қалған еді. Арасында ауданымыздың атын шығарып, үлкен чемпионаттарда жеңімпаз атанып жүргендері де бар. Балалар жаттығып жүрген ғимаратты басқа мекемеге бергенімізде, енді олар қайда жаттығады деп уайымдадым. Көп ойланып жатпай, Алмат Қодаров бастаған бапкерлермен ақылдаса келе, 17 жыл бұрын салынған жаздық кафенің орнына осы ғимаратты салуға шешім қабылдадым. Бұл – әуелі балалардың болашағы үшін қабылданған шешім. Себебі, жаздық кафенің ашылу салтанатында С.Шаухаманов, Қ.Табынбаев, С.Сейітов, Ж.Бодықбаев, Ж.Сарбалақов, К.Қаракөзов, А.Әлжанов, А.Дәулетов секілді ел ағалары ақ батасын беріп, жұмысымызға сәттілік тілеген болатын. Біздікі – жас спортшыларды осы тұлғалардың әруағы қолдап, батасы дарысын деген ниет. Келешекте олардың арасынан еліміздің көк туын шет мемлекеттерде желбірететін чемпиондар шығатынына сенімдімін. Соған себепші болып, осы зал арқылы кішкентай болса да олардың келешегіне өз үлесімді қоссам, өзімді бақытты санар едім. Бүгін осы ғимараттың ашылуын арнайы жасап, ел ағаларының батасын алып бергім келді», – дейді кәсіпкер Үрзада Үсенқызы.

«Күрес залының» ашылу салтанатынан кейін аудан әкімі бастаған қонақтар «Жұмыспен қамту орталығын» да аралап көрді. «Бұл ғимаратты кезінде біздің серіктестіктің алғашқы төрағасы Нұржігіт Накипов халыққа қызмет етсін деген мақсатпен салған болатын. Ондаған жылдар бойы мұнда серіктестікте еңбек ететін 600 адамға арналған түрлі іс-шараларымыз өткізіліп келді. Бүгінде Нұржігіт ағамыздың алдымызға қойған мақсат-мұратынан танбай, аудан тұрғындарына қызмет етуін жалғастыруда», деп атап өтті Ү. Бекмұрзаева.

Ал, замануи үлгіде салынған «Күрес залы» керекті құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз етілген. Онда шәкірттер дайындалатын негізгі залдан бөлек, жаттықтырушылар мен спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелеріне дейін қарастырылған. Жылумен, ауыз сумен толық қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, болашақ чемпиондар үшін барлық жағдай жасалған.

 «Күрес залында» бір мезгілде 30 спортшыға дейін жаттыға алады. Қазіргі таңда мұнда 38 оқушы самбодан, 36 шәкіртіміз қазақ күресінен, барлығы 74 жас 6 топқа бөлініп, 2 мезгіл жаттығу үстінде. Оларды самбодан Шыңғыс Тоқмамбетов, қазақ күресінен Сымбат Оспанов баптайды. Жалпы, Қармақшы ауданынан спорттың қазақша күрес пен самбо, дзюдо түрінен көптеген чемпиондар шыққан. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан Тәйімбет Көмекбаев атындағы халықаралық мемориалдың өзі қармақшылық балуандардың мықтылығын паш етіп келеді. Бүгінгі ашылған «Күрес залы» бапкерлер қауымы, жас спортшылар үшін үлкен қуаныш. Осынау керемет ғимарат үшін ел анасы Үрзада апамызға алғысымыз шексіз», – деді аталған спорт мектебінің директоры, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмат Қодаров.

Айта кетейік, жеке кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаева «Қармақшы тұтыну кооперативі» ЖШС-на 30 жылдан бері басшылық жасап келеді. Ол – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2009 жылы кәсіпкерлерге арнап тағайындаған «Парыз» мемлекеттік конкурсындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымының ең алғашқы жеңімпазы. Сыр елінің абыройын асқақтатып, жоғары дәрежелі марапатты елорда төрінде Елбасының өз қолынан алған Үрзада Үсенқызын жерлестері «Қайырымдылықтың қара қазаны» атап кеткен. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Мәселен, қарамағындағы тұрмысы төмен жұмысшылардың баспана мәселесін шешіп, оларға орталықтан 7 үй салып бергенін аудан халқы ерлікке балайды. Осы үйлердің суы мен жарығы, жылуы мекеме есебінен төленетін көрінеді. Тұрмағамбет секілді ауданнан шалғай жатқан ауылдардағы дүкен сатушыларына баспана тұрғызып, Қуаңдария, Көмекбаев елді мекендеріне жаңадан дүкен салған. Серіктестік қызметкерлердің ұл-қыздарының да жоғары білім алуына ықпал етіп, оқуларының қаржысын өзі көтеріп келеді екен. Айта берсек, үндемей-ақ үлкен шаруаларды тындырып жүрген Үрзаданың ел сүйсінерлік мұндай істері көп-ақ. Бүгінгі «Күрес залы» – солардың бір парасы ғана.

Иә, енді қармақшылық жас спортшылар жаттығатын өздерінің «Күрес залы» бар.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Тағы да оқыңыз: