Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов 3-8 шілде аралығында Астана қаласында отырып ойнау волейболынан өткен Азия чемпионатында ҚР ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған спортшыларды қабылдады.
Қабылдау барысында аппарат басшысы Азия чемпионатының жүлдегерлерін жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ, оларға алғыс хат табыстап, келер жылы Франция астанасы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізетіндіктеріне сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
Кездесуде Шахмардан Асқарұлы өңірімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына барынша жол ашылғандығын айтты. Сондай-ақ, олардың спорттың бірнеше түрлері бойынша паралимпиадаларға қатысып, түрлі жаттығу орындарында шынығып жүргендігін тілге тиек етті. Сонымен бірге, облыстағы мүгедектерге арналған спорт клубтарына әкімдік тарапынан әрдайым қолдау болатындығын және өз кезегінде алдағы уақытта клуб базасымен арнайы барып танысатындығын жеткізді.
Соңғы жылдары Сыр спортында серпін жоғары. Айта кетер жайт, аймақтың спорт саласын дамытуда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да үлесі зор.