Kyzylorda-news.kz.  Аудан көлемінде отыз жылға жуық тарихы бар аралас жекпе-жек спорт түрімен жастар тұрақты түрде айналысуда. Білікті бапкер, өз ісінің шебері Иса Әкімжанов аудандық спорт клубының жанынан ашылған ММА үйірмесіне жетекшілік етеді. Аралас жекпе-жектен үздік нәтиже көрсетіп келе жатқан спортшылардың бірі – Нұртілеу Қалдыбек. Қазіргі кезде 55-56 салмақ дәрежесінде сынға түсетін жас спортшы жоғарғы дәрежедегі жарыстарда топ жарып келеді.

Жас спортшы Нұртілеу Дастанұлы ММА үйірмесіне 3 жыл бұрын келген. Оған дейін былғары қолғап шебері ретінде рингте талай мәрте бағын сынады. Әкесінің бағыт-бағдарымен аралас жекпе-жекті таңдаған ол – биыл №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің 11 сыныбын аяқтағалы отыр. Әрқашан жаттығудан қол үзбейтін жеткіншек ел намысын әлемдік ареналарда қорғауға ниеті бар. ҰБТ-да шығармашылық бағытты таңдауға бел буған оқушы спорт саласының маманы атануға бел буған.

– Күш қолданылатын спорт түрімен айналысу әркез қауіпті болатыны сөзсіз. Десе де, жаттығуда өзіңді аямау арқылы аралас жекпе-жектің ең үздігі болу үшін үздіксіз еңбектеніп келемін. Кез келген жарыс барысында 2-3 жекпе-жек өткізуге жан-жақты дайын болу керекпіз. Күн сайын өткізілетін жаттығу барысында кемшілікпен жұмыс жасап, ықтималды қарсыластың әлеуетін саралаймыз. Жеңіске жету, үздік деген атқа лайық болу – әсте оңай нәрсе емес. Салмақ қуалап, жарысқа тыңғылықты дайындалуға психологиялық тұрғыдан да әзір болған жөн. Шындығында, октагонда шыр айналып жүре бермей, қарсыласты зерттеп жеңіске жетуге бар күшті жұмсау қажет. Жекпе-жекке түспес бұрын, әдіс-тәсілді ұтымды қолдану – жақсы нәтижесін береді, – дейді сайыпқыран спортшы.

Нұртілеу Қалдыбек үшін былтырғы жыл табысты болғаны мәлім. Себебі, жас спортшы өз салмақ дәрежесінде облыс чемпионы атанып, ел біріншілігіне жолдама алады. Байрақты бәсекеде сырдариялық саңлақ қолаға қол созады. Сонымен қоса Қостанай қаласы мен Арал ауданындағы республикалық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді.

– Жалпы, ММА үйірмесі ашылған уақыттан нағыз сайыпқыран спортшыларды дайындауды мақсат тұтып келеміз. Сондықтан аптаның 5 күнінде жаттығу залында балалар шынығады. Нұртілеу болашағынан зор үміт күттіретін спортшы саналады. Жарыс жолына шыққанда қарсыласты ұпай санымен жеңіп кетіп жатады. Бұл тұста, оның боксқа қатысқан кезінде меңгерген техникасы өз көмегін тигізіп жатады. Қылқындыру әдісі арқылы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға тырысады, – дейді ММА үйірмесінің жаттықтырушысы әрі білікті бапкер Иса Әкімжанов.

Тағы да оқыңыз: