Kyzylorda-news.kz Бокс аренасында ешкімге есе жібермейтін сырбойылық спортшы Қазақстанның атын әлем жұртшылығына танытуда. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Алтынбек осы кезге дейін 23 жасқа дейінгі ерлер арасында 3 дүркін Азия чемпионы атанып үлгерді. Бұл – қазақ боксшыларының арасында бұрын болмаған жетістік.
Бүгінде ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының студенті. Осы орайда былғары қолғап шеберінің өзімен тілдесуді жөн көрдік.
– Нұрсұлтан, Астанада өткен Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, финалда моңғолдық боксшыны 5:0 есебімен жеңдіңіз. Осы жарыс туралы толығырақ айтып беріңізші, қарсыласты алдын ала зерттейсіз бе?
– Чемпионат Қазақстанда өткендіктен үлкен жауапкершілік жүктелді. Өткен жылы азиялық боксшылардың басын қосқан бұл жарыс Тайландтың Бангкок қаласында ұйымдастырылған еді. Финалда филиппиндік боксшы Флинт Джарададан басым түсіп, алтынға қол жеткізген болатынмын. Жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап, шыңдала түсетініміз рас. Дегенмен әр сайыстың алдындағы жауапкершілік пен дайындық бірдей. Босаңсуға болмайды. Сондықтан Елордада өткен бәсекеге де ерекше дайындалдық. Жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР бокс федерациясының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен жеке бапкерім Жәміл Жүсіп дайындады.
– Бұрын БАҚ-қа кеңінен сұхбат бермепсіз. Өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз… Қайда дүниеге келдіңіз? Бала кезден-ақ спортқа қызықтыңыз ба? Алғашқы бапкеріңіз кім болды?
– Қызылорда қаласында туып-өстім. Бала кезімде өзіммен құрдас жиеніме еріп бокс үйірмесіне барып, осы спорттың ережесін меңгере бастадым. Бокс – күш сынасатын ғана емес, ерік-жігерің, төзімділігің шыңдалатын спорт. Жаттығу алаңына жиі келуіме, жылдар өткен сайын осы спортқа бейімделіп, әр жарыс сайын шыныға түсуіме алғашқы бапкерім Жаңабек Әлиев көп еңбек сіңірді. Жаттықтырушыммен бірге талай жарысқа барып, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы атандым.
– Білуімізше, қазіргі бапкеріңіз – Жәміл Жүсіп. Дайындықтарыңыз Қызылордада өте ме? Күніне қанша уақытыңызды жаттығуға арнайсыз?
– Иә, қазіргі уақытта жарыстарға Жәміл ағай дайындауда. Жаттығуға аптасына алты мәрте келуге дағдыланғанбыз. Күніне бір мезгіл тыңғылықты жаттығамыз. Ал жарыс басталар алдындағы оқу-жаттығу кезінде күніне екі мезгіл келіп, шеберлігімізді шыңдаймыз.
– Бокста көздеген нәтижеге жету үшін қай нәрсеге басымдық беру керек? Өзіңізден кейінгі спортшыларға қандай кеңес бересіз?
– Әрине, ақыл айтар жасқа немесе жетістікке жеттік деп ойламаймын. Дегенмен кез келген жарыста оқ бойы озып шығу үшін еңбек пен өз-өзіңді қамшылайтын намыс керек. Сенім артқан ата-ана мен жаттықтырушылардың үмітін ақтауға барынша күш саласың. Ал шетелдік спортшылармен сынға түскенде алдымен туған елдің абыройын ойлап тұратынымыз рас.
– Осы кезге дейін елімізден бөлек, бірқатар шет мемлекеттегі чемпионатқа қатыстыңыз. Боксшы ретінде қанша елге бардыңыз, қай спортшымен кездесу ерекше есте қалды?
– Онға жуық мемлекетте өткен спорттық жарысқа қатысыппын. Чемпионаттар өзгеріп тұрғанымен барлығында көздейтініміз қарсыластан басым түсіп, жеңіске жету. Сондықтан мына қарсыласпен кездесу ерекше болды деп айта алмаймын.
– Алда қандай жарысқа дайындалудасыз?
– Алла қаласа көздеген мақсатымыз өте көп. Осы жылдың соңында өтетін Азия чемпионатына және халықаралық турнирлерге қатыспақпыз. Келесі жылы Әлем чемпионаты бар. Қазір байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындық үстіндеміз.
– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдана ЖҰМАДИНОВА
Фото: Нұрсұлтан Алтынбектен