Kyzylorda-news.kz. Биыл Қазалы ауданына қарасты Байқожа елді мекенінде спорт алаңы салынады. Қазіргі таңда бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.
500-ге жуық халқы бар елді мекеннен спорт алаңын салу жөнінде тұрғындар аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен өткен кездесуде айтқан болатын. Аудан басшысы байқожалықтардың ұсынысын қолдап, тиісті қаржыны аудандық бюджеттен бөлді.
Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Байқожа елді мекенінің тұрғындарымен өткен кездесуде айтып берді.
Бұдан бөлек аудан басшысы тұрғындармен кездесуде көтерілген орталық көшені асфальттау, ауылды сервистік ауыз су желісіне қосу, электр желілерін қалыпқа келтіру, трансформатор кондырғысын орнату бағытындағы жұмыстарды шешу үшін қыруар жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ал, ауылға аяқ су мәселесін шешу әзірге мүмкін болмайтынын түсіндірді.
Сондай-ақ, Байқожа су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландырылуға ұсынылғанын да жеткізді. Бұл жоба қолдау табатын болса, Байқожа ауылының ауыз су мәселесі толық шешілетінін айтты.
Кездесуде Жаппарберген Қуатов елді мекенде күрес немесе бокстан спорт үйірмесі ашылса деген ұсынысын айтты. Ал, Сардарбек Шапихов айтылған мәселелерді жерге тастамай, халықтың ұсыныс-пікірін ескерген аудан басшыларына алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Байқожа ауылының тұрғындарымен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысының басшысы Нұрбек Күзембаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов, «ҚЭТТК» АҚ Қазалы аудандық электр торабының бастығы Ерболат Мұқаш, «Қазалы ауданының оқшау сумен жабдықтау жүйелерін пайдаланушы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Талғат Алданазаров арнайы барып, қойылған ұсыныс-пікірлерге қатысты жауап берді.