Kyzylorda-news.kz   Армрестлинг – бүкіл әлемде кеңінен таралған спорт түрі. Қазақ «қол күрес» деп атайды. Осы спорт түрінің Қазақстанда жақсы дамығанын айта кету керек. Себебі ішкі біріншілікте топ жарған жігіттеріміз әлемді аузына қаратып келеді. «Шынықсаң, шымыр боласың» деген қазақтың жігіттері тынбай дайындық үстінде жүр. Солардың бірі – Мерей Жанахметұлы.

Ол 2017-2020 жылдары Ақтөбе гуманитарлық-техникалық колледжі, дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша білім алған. Алға қойған мақсаты көп. Соның бірі – биыл өтетін Әлем Чемпионатын бағындыру.

– Сонымен бірге, Қазалы ауданында қол күресінен спорт түрін дамытуды нысанама алдым. Жалпы, қол күресі бойынша Қазалының жігіттерін қазақстандық рейтингте бірінші орынға шығару мақсатым. Бала күнімнен спортқа жақын болдым. Оқушы күнімде Мұхтар Рахметов ағайдың қолдауымен грек-римге қатысып, бірнеше жетістіктерді бағындырдым. Кейін, қол күресі спортына қызығушылығым оянып, тұрақты түрде айналыса бастадым. Бірнеше мәрте облыстық, республикалық чемпионаттарға спортшы ретінде қатысып, жүлделі орындар алдық. 2022 жылдың қазан айында Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадионға ақылы қоғамдық жұмысқа кірдім. Қол күресі секциясының базасы орталық стадионда орналасқандықтан, жұмыспен қатар балаларды қол күреске әкеліп, бар білгенімізді үйретіп жүрдім. Бүгінде, армрестлинг деп атауын өзгерткенімен, қол күресі қазаққа жат емес. Бұрын да біздің ата-бабаларымыз, балуандарымыз білектің күшіне сенім артқан. Биыл қаңтар айынан бастап тұрақты түрде  Қазалы спорт клубының қол күресі секциясының жаттықтырушысы болып қызмет атқарып келемін. Осы уақыт аралығына дейін оқушыларды спортқа бау­лып, адал еңбек пен таланттың арқасында жетістіктерге бірге жетіп келеміз. Спорт өмірде дұрыс бағдарларды қалыптастыруға, мақсат қоюға және оған жетуге, дамуға, тек алға жылжуға көмектеседі, – дейді ол.

Шымыр жаттықтырушының айтуынша,  оқушылары халықаралық жарыс, чемпионат немесе олимпиадалар кезінде спортқа деген қызығушылықтарын бірнеше есе арттырады екен. Бүгінде, қол күресі секциясында 3 топ бар. Онда 16 баладан 48 бала жаттығады.

– Оқушыларымның барлығы дерлік ынталы. Аудан, облыс арасында өткізілетін жарыстардан жүлдесіз қайтпаған. Биыл екі оқушым облыс чемпионы атанып, Қазақстан Республикасы Чемпионатына жолдама алды. Қазақстан Республикасы Чемпионатында Дәурен Қашмұрат есімді оқушым қажырлы еңбек пен талаптың арқасында өз салмағында чемпион атанып, Алматы қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатында да жақсы өнер көрсетті. Осы жылы сегіз оқушым облыс чемпионы атанып, Қазақстан Республикасы Чемпионатына жолдама алды. Чемпионатта Даурен Қашмұрат бірінші орын иеленсе, Данияр Бөлекбай екінші орын иеленіп, Әлем Чемпионатына жолдама алды. Бұйырса чемпионат Молдава Республикасында биыл тамыз айында өтеді, – дейді Мерей Рахан.

Бақ сынаған додаларда қол күрестен жерлестеріміздің биіктен көрінуі, біздегі қол күрес спортының жақсы дамығанын тағы бір қырынан көрсетіп берді.

– Көбі ойлайды, «шығып, күресе салады» деп. Күш сарқылғанда рух оянады. Жаһандық жарыс болса, барлығының дерлік айла-шарғысы қалыптасқан, осалы жоқ. Есіміңді атап, армрестлинг үстеліне шақырғанда, қобалжып, іштей «сынып» қалатындар аз емес. Күш те, тәсіл де бар, жүрек жоқ болса, сол әдістердің бірі де көмектеспейді, – дейді ол сөз арасында.

Айнұр ӘЛИ

Тағы да оқыңыз: