Kyzylorda-news.kz.  Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте оқу-тәрбие жұмысын жан-жақты бақылау, ата-аналар үшін педагогикалық ағарту ісін ұйымдастыру, ата-ананы мектеп қызметіне белсене араластыру мақсатында «Ашық есік» күні өтті. 

Ата-аналар бағдарламаға сәйкес, ашық сабақтарға, тәрбие сағаттарына қатысып, мектептегі оқу процесімен танысты. Алдымен ата-аналар мектеп кіреберісінде ұйымдастырылған оқушылардың шығармашылық көрмесімен танысқан соң, сыныптарда өткен ашық сабақтарына қатысып, балаларының  сабақ үлгіріміне қанықты.

Атап айтсақ, 6 сыныптарда  оқушылар, ата-ана мен сынып жетекшілері арасында үштік одақ, яғни ата-ана, мұғалім, оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсартудағы «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» атты тренинг-сайыс, 7 сыныптарда  еңбек ардагерлері  және қоғам қайраткерлерімен кездесу, 8 сыныптарда «Ұлттық ойын-халық мұрасы» тақырыбында спорттық ойындар сайысы, 11 сыныптарда «Ата-анамның қолдауы арманымның орындалуы!» атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды.  Мектеп кітапханасында 7-8 сынып оқушылары мен ата-аналардың қатысуымен «Кітап оқы да трендте бол» тақырыбында букроссинг өткізілді.

Мектеп акт залында ұйымдастырылған қорытынды жиынында мектеп басшысы Мәуегүл Ерғалиева шараның өткізілу мақсатымен, 2022-2023  оқу жылындағы жетістіктерге тоқталса, өз кезегінде ата-аналар осындай танымдық іс-шараның ұйымдастырушы  мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға ризашылығын білдірді.

Сонымен бірге, іс-шара аясында 10 сынып оқушыларының қатысуымен «Жасыңнан шынықсаң ғасырға жарайсың» тақырыбында ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Ерасыл Сәулебеков пен жеңіл атлетикадан ауданның  өткен жылғы «Үздік спортшысы» номинациясының игері, облыс, республика чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, №30 орта мектептің шәкірті Мұхамедияр Әбілахатовпен кездесу кеші өтті.

«Бастау» мектеп парламентінің президенті Нұрасыл Бақытбек пен  парламенттің экология дәне еңбек фракциясының мүшесі Назерке Әбдіқадірдің жүргізуімен өткен кешті мектеп директоры Мәуегүл Ерғаплиева ашып, оның өткізілу мақсатымен таныстырды. Мектептің бүгінгі  тыныс-тіршілігі туралы хабарлама жасады.Одан әрі Миржан Әлтаев, Назерке Зинуллаева, Нұрасыл Ізтілеуов сынды белсенді оқушылар спорт жайлы түсініктерін ортаға салып, оның адам денсаулығына, еліміздің дамуына маңыздылығына тоқталды.Кеш барысында оқушылар Ерасыл Сәулебеков пен оның жаттықтырушысы Айдар Ералиевке, Мұхамедияр Әбілахатовқа  өздері қалаған спорттың ауыр және жеңіл атлетика түрі туралы, жеңісті жолдары мен спортқа деген көзқарасы, алдағы уақыттағы жоспарлары және басқа да сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор болып өткен іс-шара соңында  ұлағатты ұстаз Әбутәліп Жалмағамбетов жас спротшыларға батасын берсе, мектеп директоры Мәуегүл Ерғалиева сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Тағы да оқыңыз: