Kyzylorda-news.kz Өңірімізде өнер мен мәдениеттің деңгейі өсіп, жыл басынан бері ауыз толтырып айтарлықтай маңызды жұмыстар атқарылды. Рас, қала мәдениеті мен спорты үшін өткен жыл жемісті болды.

«Тәні саудың – жаны сау» дейді. Жалпы халықтың спортпен айналысуы ел халқының сау денелі болуына әсер еді. Сау денелі, сапалы ұлт қана мәңгілік ел мұратын орындай алмақ. Басқасын айтпағанда еліміздің спорт саласында қандай жетістіктерге жеткенін ескерсек, соның өзі Елбасының салауатты өмір салты ұстанымының өз жемісін бергенін айғақтайды. Еліміз спортшылары әрқашан да халықаралық ареналарда ірі табыстарға жетіп жүр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Елімізде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындар саны 6 миллион адамға жетті.

Бұқаралық спортты дамыту үшін – спорт нысандары баршаға қолжетімді бола түсуі керек. Сала жұмысын саралайтын болсақ, жалпы, қалада тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына арналған 684 спорттық нысан, 225 ойын алаңы бар.

Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және бұқаралық спортты дамыту мақсатында бөлімге қарасты Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында спорттың 13 түрінен үйірме жүргізілуде. Аталған үйірмелерде 1396 қала тұрғыны тұрақты негізде спортпен шұғылдануда.

Айта кету керек, мамыр айында Қызылорда қаласында «Шұғыла» спорт кешені пайдалануға берілді.

Спорттық нысандар құрылысы да қарқын алды. Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығы салынды. Сырдарияның сол жағалауынан халықаралық стандарттарға сай, жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы қаланды. Былтыр 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталды, биыл аудандарда 15 кешенді қолданысқа берілмек. 

350 орындық «Шұғыла» спорт кешені 1,7 млрд теңгеге салынған. Жалпы ауданы – 2700 шаршы метр. Онда таэквондо, хореография, үстел теннисі, футбол, волейбол, баскетбол, қазақша күрес, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері болады. Аумағында шағын футбол алаңы және автотұрақ бар.

Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы қатарындағы қала тұрғындарын қолдау мақсатында әр ай сайын аз қамтылған, көп балалы отбасындағы балаларға және қала жастарын қол жетімді спорт инфрақұрылымымен қамту бойынша «Евразия» (жүзу бассейні), «Мұз айдыны» спорт кешендеріне 17 600 адамға жолдамалар берілген.

Сондай-ақ, жыл басынан бері 45 түрлі деңгейдегі жарыстарға 770 спортшы қатыстырылған.

Айта кетейік, биыл Сыр спортшылары әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, облыс қоржынына 54 медаль салса, республикалық чемпионаттар мен кубоктардан 245 жүлде иеленді. Басты жетістік – Қамшыбек Қоңқабаев бокстан, Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен Париж олимпиадасына, отырып ойнау волейболынан қос бірдей спортшымыз Эрик Қасқабаев пен Шыңғыс Медеуов паралимпиадаға жолдама алды. Дзюдо, парадзюдодан да үміткерлер бар.

Тағы да оқыңыз: