Kyzylorda-news.kz «Алтын доптың» бес дүркін иегері, португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» футбол клубымен келісімшартын ұзартады. Бұл туралы португалиялық A Bola газеті хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
Дереккөздің айтуынша, келісім 2026 жылдың маусымына дейін жалғасады. Роналдудың «Әл-Насрмен» қазіргі келісімшарты 2025 жылдың маусымында аяқталады.
Роналду 39 жаста, ол 2023 жылдан бері «Әл-Наср» құрамында ойнайды. Осы маусымда португалиялық футболшы клуб сапында 20 матч өткізіп, 17 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.
Роналду – Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Ұлттар лигасының жеңімпазы, ұлттық құрамалар, Еуропа чемпионаттары, Чемпиондар лигасы, клубтар арасындағы әлем чемпионаттары тарихындағы үздік бомбардир. Роналду ресми матчтарда 900-ден аса гол соққан алғашқы футболшы болды. Португалиялық шабуылшы бес рет «Алтын доп» иегері атанған.
Айта кетейік, бұған дейін Роналду дубль жасап, 915-ші голын соққаны және әлемдік рекорд орнатқаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Роналду «Әл-Наср» клубына Зиданды бас бапкер етуді сұрады.
Фото: Жеке мұрағат (инстаграм парақшасынан)