Kyzylorda-news.kz Жастар арасында салауатты өмір салты мен денсаулық мәселесіне қызығушылық артуда. Әсіресе спорттық ойындар мен фитнес жаттығулар сұранысқа ие. Осы орайда алғаш рет 23 мамыр күні сағат 20.00-де Назарбаев Зияткерлік мектебінің алаңында облыстық «FitSJ» фитнес марафоны өтеді. Кеш қонақтары − Ғалия Кенжебаева, Мақсат Балтабаев, Ақжан Кенжебай, Аяулым Каймова.

Фитнес – физикалық жаттығулар мен дұрыс тамақтану арқылы дене шынықтыру және денсаулықты жақсартуға бағытталған өмір салты. Фитнестің әсеріне тоқталсақ. Фитнес жаттығулары жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтады, бұлшықет пен сүйек тінін күшейтеді, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Бұл жастардың жалпы физикалық жағдайын жақсартып, көптеген аурулардың алдын алады. Физикалық белсенділік стрессті төмендетуге, көңіл-күйді көтеруге, депрессия мен мазасыздықтың алдын алуға көмектеседі. Жаттығу барысында бөлінетін эндорфиндер мидың жұмысын жақсартып, жағымды эмоциялар тудырады. Фитнес залдары мен спорттық клубтар жастарға жаңа таныстар табуға, достармен уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Бұл олардың әлеуметтік өмірін байытып, өз-өзіне деген сенімділікті арттырады. Фитнес пен спорт жастардың денсаулығына, психологиялық және әлеуметтік дамуына үлкен әсер етеді. Олардың өмірінде физикалық белсенділікті арттыру арқылы денсаулықты нығайтып, өз-өзіне деген сенімділікті арттырып, қоғамда белсенді азамат болуға ықпал етеді. Сондықтан, әрбір жасөспірімге фитнес пен спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру маңызды.

Спорттың жастарға әсері

Спорт − бұл физикалық күш-жігерді қажет ететін және белгілі бір ережелер бойынша өткізілетін ойындар мен жаттығулар жиынтығы. Спорттың жастарға әсері ерекше: спорттық жаттығулар мен жарыстар жастарды тәртіпке, мақсат қоюға және сол мақсатқа жету үшін еңбектенуге үйретеді. Командалық жұмыс: Командалық жұмыс бір-біріне қолдау көрсетуге және жалпы мақсатқа жету үшін бірігіп әрекет ету дағдыларын қалыптастырады. Бұл дағдылар өте маңызды. Спорттық жарыстарға қатысу, жеңістер мен жеңілістер арқылы күш-жігерін бағалауға, табандылық пен шыдамдылықты дамытуға баулиды.

– Үзілісте үйге барып, түскі ас ішемін. Сен ше?

– Ой, жоға. Мен үйге баруға ерініп тұрмын, осында тіскебасар алдыртамын. Артынан салқын газдалған сусын ішсем, лезде тоямын.

Бұл – екі құрбының шағын диалогы. Спорттық өмірден алшақ және дұрыс тамақтанбаудың салдары көңіл қоншытпайды. Саламатты өмір салты мықты денсаулықтың кепілі. Ал деннің саулығында дәрумендердің рөлі зор. Денсаулығымыздың 70%-ы тамақтанумен байланысты екенін білсек те, білмеген сыңай танытып, елемей жатамыз. Дұрыс өмір салтына өнімді еңбек, жеке бастың тазалығы, тамақтану мен қимыл-қозғалыс жатады. Ал тән мен жан саулығы үшін мұның барлығын орындайтындар саусақпен санарлық. Тәтті өнімдер мен газды сусындарды мөлшермен ғана тұтынбасақ, дене функциялары бұзылады. Соның әсерінен түрлі дертке жол ашылып, ағзадағы дәрумендер түбегейлі жойылады.

«Витамин…Анализ…» деп дабыл қағатын дәрігерлердің сөзін елейтіндерге таңғалатын адамдар да бар. Олардың сөзінше, «өмір бір-ақ рет беріледі». Ендеше тәртіпке бет бұрмайтындар үшін адам ағзасындағы дәрумендер туралы сөз қозғайық. Дәрумен жетіспеушілігінің салдары қандай жағдайға әкелуі мүмкін?

Адам тіршілігіне, ағзадағы зат алмасудың бірқалыпты болуы үшін өте қажет қоспаларды дәрумен деп атайды. Негізінен адамдар қажетті дәрумендер мен микроэлементтердің басым көпшілігін тамақ арқылы алады. Ал жоғарыдағы кейіпкердің жағдайы сіздің өміріңізде жиі қайталанса, ағзада жетіспеушілік пайда болып, ас қорыту, тері, сүйек ауруы сияқты мәселелер туындайды. 

Энергия & магний

Тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, әлсіздік немесе шаршау белгілерін байқасаңыз, бұл ағзадағы магнийдің жетіспеушілігі болуы мүмкін. Магний – адам ағзасының барлық тінінде болатын маңызды элемент. Мамандар магний деңгейін қалпына келтіру үшін бадам, кешью, жержаңғақ, шпинат, қара бұршақ сынды тағамдарды пайдалануға кеңес береді. Магний сүйектердің саулығына және энергияның көбеюіне көмектеседі.

Ағзаның дұрыс жұмысы – «B12»

Жиі еститін «B12» дәрумені ет, балық, жұмыртқа мен сүтте көп мөлшерде кездеседі. Егер сіз бұл өнімдерді рационыңыздан мүлдем сызған болсаңыз, мұқият оқуыңызды сұраймыз. Себебі бұл дәрумен көңіл-күйге, энергия деңгейіне, есте сақтау, жүрек, ас қорыту процесіне әсер етеді. Сондықтан оның жетіспеушілігі шаршаңқылық, әлсіздік, тіс мәселесі, тәбеттің жоғалуына және салмақ тастауға әкеледі. Ал ауыр жағдайда ол депрессия, қан аздық және ұмытшақтыққа апарады.

Йод өсу мен дамуға жауапты

Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті элемент. Йод жетіспесе жүрек шаншуы, демікпе, тұмаумен жиі ауру, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, есту мүшесінің әлсіреуі секілді мәселелер кездеседі. Мөлшері 20-30 мг-нан аспағанымен, ол қалқанша безі гормондарының түзілуіне қатысады. Йодтың жеткілікті мөлшері адамның физикалық және ақыл-ой белсенділігі үшін қажет энергиямен қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам жасына байланысты йодты тұтынудың тәуліктік нормаларын белгілеген. Орташа алғанда күнделікті − 120-дан 150 мкг-ға дейін йод қабылдау қажет. Йодтың негізгі мөлшері ағзаға азық-түлікпен келіп түседі, ең көп концентрациясы теңіз өнімдерінде, балдырлар мен балық майларында кездеседі.

«Д» дәрумені

«Д» дәрумені − «жай ғана витамин» емес, ол иммундық жүйе, инфекцияларға қарсы тұруға және ағзадағы жалпы қабынуды жеңу қабілетінде маңызды рөл атқаратын элемент. Әлсіздік, сүйек деформациясы, бүкірею, тістің бұзылуы мәселелерінің бастауы ағзадағы «Д» дәруменінің жетіспеушілігінің салдарынан болады. Дәруменнің деңгейін толықтырудың ең жақсы тәсілі күн сәулесінің астында жүру.

Мамандардың айтуынша, күз бен қыс мезгілінде дәрумендерді дәрігердің келісімімен тұрақты қабылдау қажет. Себебі бұл мезгілде жаңа піскен табиғи өнімдер азаяды. Ал жаз мезгілі – әлсіреген иммунитетті қалпына келтіруге нағыз қолайлы уақыт.

Спорт пен дұрыс өмір салтын әрі дәрумен тапшылығын айттық. Ал шешім қабылдау − сізден.

 

А.Текебай

Фото:nvkz-tub.ru

Тағы да оқыңыз: