Kyzylorda-news.kz. Білектілік пен жүректілікті қажет ететін қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – ешқандай күрес түрлеріне ұқсамайды. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған спорттық-теориялық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спортының дамуына зор үлес қосты деуге болады. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжірибесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне танымал спорт түрінің алғышартына айналды. Белбеу арқылы белдесудің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не алақаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диапазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыратын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар.

Бүгінде қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жaсасып, әлем чемпионаттарын өткізетін деңгейге дейін жетіп отыр. «Қазақстан Барысы» атанған қызылордалық Мақсат Исағабыловтың күрестегі жолы айрықша. Жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті алыптарды жолдан ығыстырып, өзінің жеңіске лайық жарқын жолын көрсетіп келеді. Бозкілемде дарияда тулаған жайындай еркін жүзіп, қарсы келген қарсыластарын шақ келтірмей жолдан шығарып отырды. Шешуші сәтте де ел күтпеген ерлігі талайды таң қалдырғаны анық.

«Балпаң-балпаң басатын, балуан болар ма екенсің». Бұл – ақжаулықтылардың ер баланы әлдилегенде айтатын өлең жолдарынан үзінді. Сәбиді бесікте жатқаннан-ақ табандылыққа тәрбиелеген ұлтымыздың арасынан білектілердің көптеп шығуының сыры осында болса керек. Жалпы, қарға тамырлы қазақтың балуандық өнері қанында, тегінде жатыр. Оған аталмыш спорттағы жеңістер дәлел. Ал, артта қалған ХХ ғасыр спортындағы қазақ балуандарының орны өз алдына бір төбе десек, түзу жолдан қисық кеткендік емес. Ендеше, әлем елдері көз тіккен дүбірлі додаларда ұлт намысын, ел мәртебесін биікке көтерген, Қызылорданың қайыңдай қайыспас қарагері жайында толығырақ тоқталып өтейік.

Мақсат Исағабылов 1994 жылдың 17 қарашасында дүниеге келген. Бұған дейін қазақ күресінен және самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, қазақ күресі, самбо, дзюдодан Қазақстанның бірнеше мәрте жеңімпазы, самбодан және қазақ күресінен Азия чемпионы, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен V фестивалінің жеңімпазы, қазақ күресінен «Әлем Барысы» чемпионатының күміс жүлдегері, қазақ күресінен «Үздіктердің үздігі» республикалық турнирінің жеңімпазы, міне, биыл қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2022» атағының иегері. Бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Кенеев.

Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуан-дардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы. Қазақтардың жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі, жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде ат үстінде еркін отырудан бастап, садақ ату, күрес, жекпе-жек айла-тәсілдерін меңгеру ұл мен қызға бірдей қойылатын талап деңгейіне көтерілді. Міне, осындай спорт түрлерін бұқара арасында дамытып, «Қазақ барыстарын» тәрбиелеп шығуда қызылордалық спорт мектептерінің еңбегі де ерен.

Халқымыздың ұлан-байтақ аумақта орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдер салт-дәстүрлерінің ықпал етуі қазақ жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болыпты. Ертегі, аңыздарда, батырлар жырларында, тарихи және көркем шығармалар мен археологиялық қазба деректерде күрестің бірнеше түрлері болғандығы туралы көптеген дәлелдер кездеседі. Ал, қазақ күресі – нағыз текті күрес түрі. Балуандардың жауырыны толық жерге тисе ғана таза жеңіс болып есептелінеді. Ол нағыз білек күші бұлқынған, қарсыласының жігерін құм қылған апайтөс алыптардың күресі. Сондықтан қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын, бүгіні болмысты екені даусыз. Мақсат Исағабылов бұл сөзімізді дәлелдеді.

Тағы да оқыңыз: