Kyzylorda-news.kz  Халқымыздың ұлттық ойындары адамның күш-қуатының артып, шымыр болуына ғана емес, интеллектуалдық қабілетінің жақсаруына, зерек, байқампаз болуына ықпал етеді. Соның бірі – ақыл-ойды, логиканы қажет ететін тоғызқұмалақ ойыны.

Алгебра, арифметиканың элементтері бар тоғызқұмалақ ойыны туралы ең көне жазбалар Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Алтай Республикасы тоғызқұмалақты «тогуз коргоол» деп біркелкі атай келіп, ата-бабаларымыздың ұлттық ойындары ретінде дәріптеп, ресми жарыстар жүргізіп келеді. Тоғызқұмалақ Алтай тауларынан кейін Тарбағатайдан Сауырға, одан Сарыарқа мен Жетісуға, бүкіл қазақ еліне таралған.

Ал осы тоғызқұмалақ ойынының жеңіл түрі – бестемше. Ол – тоғызқұмалақтың жеңіл, жеткіншек балаларға арналған түрі. Бұл ойын баланы логикалық ойлауға үйретіп қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге үйретеді. 

ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрай Ғаниқызы тоғызқұмалақтың жеңіл түрі бестемшені 5 жастан бастап балаларға үйретуге болады дейді. 

– Бестемше ойынын барлығымыз білмесек те, ол белгілі бір деңгейде дамып келеді. Бұл – елімізде ұлттық ойындардың дамуына үлкен көңіл бөлініп отырғандығының белгісі. Бестемше ойыны қазір балабақшаларда көп таралып, даму үстінде. Неліктен балабақшада? Бестемше ойынының тоғызқұмалақ ойынынан айырмашылығы осында жатыр. Яғни, бестемше ойыны тоғызқұмалақтың жеңілдетілген түрі болып саналады. Аты айтып тұрғандай, 5 ұяшықтан, әр ұяшықта 5 құмалақтан барлығы 50 құмалақ болады. Жеңу үшін 26 құмалақ жинау немесе жүріске ұту қажет деп есептеледі. Ал тоғызқұмалақ ойынында барлығы 162 құмалақ, 9 ұяшықтан әр отауда 9 құмалақ болады. Ал жеңіске жету үшін 82 құмалақ жинау немесе жүріске ұту қажет деп есептеледі. Құмалақ санынан бөлек бұл ойындардың бір нюансы бестемше ойынында тұздық ашылмайды. Осындай күрделі нюанстар арқылы кішкентай балалар үшін тоғызқұмалақ ойыны қиын көрінуі мүмкін. Сол үшін осы жеңілдетілген бестемше ойыны пайда болды. Ал бұл ойынды ойнау 5 және 12 жас аралығын қамтиды, – деді ол.

Нұрайдың айтуынша, бестемше ойыны баланы зеректік пен байқампаздыққа баулиды.  Ол мидың жұмыс жасауын дамытып қана қоймай, ептілікке, қырағылыққа, тез шешім қабылдауға, санауға үйретеді. Сонымен қатар көру қабілетін жақсартып, көз жанарын жетілдіреді. Ойын адамды тыныштандырып, сабырлылыққа үйрететін қасиетке ие.

–  Бестемше ойынын 5 жастан бастап ойнауға болады. Себебі, бұл ойын жеңіл болғандықтан балаларды кішкентай кезінен үйреткен жөн. Ал «Тоғызқұмалақ» ойыны күрделі болғандықтан 8-10 жастан бастап кеткен жөн. «Бестемше» ойынын үйрену арқылы «Тоғызқұмалақ» ойынын ойнап, есептеу барынша жеңіл болатындығын тілге тиек еткім келеді. Сондықтан, кішкентай балалардың бестемше ойынымен тоқтап қалуы дұрыс емес. Уақыт өте келе тоғызқұмалақ ойынымен де айналысып, өз-өзін жан-жақты дамытқаны абзалырақ. Қазақстан бойынша бұл ойындардың дамуы жоғары деңгейде деп сенімді түрде айтуға болады. Жоғары деңгейде дамудың басты көрсеткіші ай сайын үздіксіз жарыстардың болуы. Бұл ойын соңғы жылдары тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде кеңінен таралып, насихатталуда. Оған дәлел: 2023 жылы өткізілген Румыния елінде болған әлем кубогі және Моңғолия елінде өткізілген Азия чемпионаты, Түркия және Чехия елдерінде жылда өткізілетін халықаралық турнирларды атап өтуге болады.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, тоғызқұмалаққа қарағанда бестемше ойыны жеңіл. Себебі, атап өткенімдей, бұл ойынды балабақша жасынан бастап оңай игеріп алып кетуге болады. Ал тоғызқұмалақ ойынын ол жас аралығында қабылдау қиынға түседі. Қабылдау қиын болғандықтан балалардың қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сол себептен, бірінші бестемше ойынын ойнап бастаған жөн, – деді Нұрай Ғаниқызы. 

Тоғызқұмалақты шебер ойнайтын қызылордалық спортшы бұл ойынның маңыздылығына да тоқталды.

– Сан ғасырлық тарихы бар ұлттық тоғызқұмалақ ойынының тәрбиелік мәні өте зор. Бұл ойынды ойнап, мәнін терең түсіну үшін адам бойында белгілі бір қабілеттер болу қажет деп дөп басып айту қиын. Себебі, әр адамның қабылдауы мен түсінуіне байланысты уақыт өте адам бойында белгілі бір қабілеттер қалыптаса бастайды екен. 10 жылдық тәжірибемнен айтар болсам, бұл ойынмен тұрақты түрде айналысқан соң, тоғызқұмалақтан туындаған дағдылар қалыптасты. Атап айтар болсам, кез келген дүниені тереңінен ойланып, шешім қабылдауды, сонымен қатар әр уақытта төзімділік пен сабыр сақтай білуді, өмірде болатын әртүрлі жағдайда жеңіліс пен жеңісті қатар қабылдауды үйрендім, – деді ол.

Айта кету керек, Нұрай Ғаниқызы ҚР жастар чемпионатының 17 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид түрінен чемпионы, блиц және классика түрінен қола жүлдегері, ҚР әйелдер чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР кубогінің күміс жүлдегері; ҚР 21 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид түрі бойынша қола жүлдегері, Н.Ергешбаевты еске алуға арналған республикалық-рейтингілік турнирінің қола және күміс жүлдегері және тағы басқа турнирлерде топ жарған, Қызылорда облысының «Тоғызқұмалақшы қыздар» құрама командасының, сондай-ақ Қазақстан «Тоғызқұмалақшы қыздар» құрама командасының мүшесі.

 

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: