Kyzylorda-news.kz Венгрия мемлекетіндегі Будапешт қаласында кикбоксингтен ересектер арасында Әлем кубогі өтті.
Қазақстандық делегациямен бірге додаға қатысқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының студенттері жеңіске жетті. 57 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Диас Карманов I-орын, алтын медальді жеңіп алды. Ал 51 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Нұрасыл Тілектесов II-орын иеленді.
Кикбоксинг − шығыс жекпе-жек түрлеріне (каратэ, таэквондо, тай боксы) және ағылшын боксына негізделген спорт түрі. Кикбоксинг ережелері бойынша жекпе-жек спортшылардың толық түйісуі бойынша өтеді. Яғни бас пен денеге берілетін соққы аяқпен де, қолмен де орындалады. Кикбоксинг, алғашында, Америкада таралған. «Кикбоксинг» терминін айналымға осы спорт түрінен дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпионы, америкалық киноактер Чак Норрис енгізген. 1974 жылдың қыркүйек айында Америкада кикбоксингтің фул-контакт түрінен тұңғыш рет жарыс ұйымдастырылған. Мұнан соң кикбоксингке лоу-кик түрі қосылды. Сонымен, қазір кикбоксингтің екі түрі бар. Фул-контакт тай боксына ұқсас болса, лоу-кик, көбіне, аяқпен әрекет жасайтын жапондық жекпе-жектерге ұқсас.
Сыр елінің қара шаңырағына айналған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары спорт бағытында белсенді. Жуырда Тайвань мемлекеті, Тайбэй қаласында өткен гір көтеру спортынан Азия чемпионаты өтті. Чемпионатқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және Бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының ФКС-21-13 оқу тобының студенті Төлеген Қайсар қатысты. Қайсар 14 мемлекет қатысқан спорт бәйгесінде 78 келі салмақ дәрежесі бойынша серпе көтеру жаттығуынан жеңіске жетіп, Азия чемпионы атанды. Қайсардың жеңісі мұнымен бітпеді. Жас спортшы жарыстың ұзын айналым жаттығуынан II-орынға тұрақтап, жеңіс туын тағы бір желбіретті.
Спортшы нәзік жандардың да жаңалықтары көп. Мәселен, гандболшы қыздар чемпион атанды. Астанада қаласында әйелдер командалары арасындағы гандболдан Қазақстан чемпионаты өтті. 32-ші рет ұйымдастырылған чемпионатта 7 команда өзара сайысқа түсіп, ішінен ең мықты 4 команда іріктеліп шықты. Финалда Қызылорда, Астана, Өскемен, Шымкент командалары өзара жүлделі орындарға таласты. Нәтижесінде 1-орынды Қызылордалық «Сейхун» құрама командасы жеңіп алып, чемпион атанды. Команда құрамында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының ФКС-22-2 оқу тобының студенті, қол добынан халықарлық дәрежедегі спорт шебері Жұмабек Альсина Дарханқызы, ФКС-22-1 тобының студенті, Қазақстан Республикасының Спорт шебері Амит Аружан Сабитқызы, ФКС 21-3-3 оқу тобының студенті, Қазақстан Республикасының спорт шебері Сабыржанқызы Назым да үздік ойын көрсетті.
Ал өткен айда Астана қаласында боксшылар арасында Азия чемпионаты өтті. Чемпионатта 54 келі салмақтағы 23 жасқа дейінгі ерлер арасында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламасының студенті, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Алтынбек жеңіске жетіп, екі дүркін Азия чемпионы атанды. Нұрсұлтан финалда моңғолдық Оюн-Эрденмен жұдырықтасып, 5:0 есебімен айқын ұтты. Бұл жеңіс ел тарихына енді. Ол 23 жасқа дейінгі қазақ боксшыларынан шыққан тұңғыш екі дүркін жеңімпаз болды.
Сондай-ақ, жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарова жетекшілік ететін орталық Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлесе йога күніне арналған 10-Халықаралық концерт ұйымдастырды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 маусымды Халықаралық йога күні деп жариялаған. Үндістан енгізген қарарды Бас Ассамблея құрамындағы барлық 175 мемлекет қолдаған. Осы атаулы күнге орай «Алматы-Қазақстан» үнді классикалық биі және йога орталығы» 2015 жылдан бастап жыл сайын Халықаралық йога күнін өткізіп келеді.
Йога — психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын, ежелгі Үндістанда пайда болған ұғым. Йоганың негізгі бағыттары - раджа-йога, карма-йога, джнана-йога, бхакти-йога және хатха-йога. Йога біздің заманымызға дейінгі II ғ. пайда болған. Инд өзенінің алқабында табылған және Үнді өркениеті кезеңіне жататын (шамамен біздің заманымызға дейінгі 3300-1700 жылдар) бірнеше мөрлерде медитация немесе йогикалық фигуралар бейнеленген. Бұл археологиялық деректер Хараппа өркениетінің халқы йоганың ежелгі формаларының бірін немесе оған байланысты рәсімді қолдану мүмкіндігін көрсетеді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарова Қызылорда қаласында жаппай сауықтыруға негізделген йога сабағын өткізді. Оған қаламыздың әр түрлі жастағы 30-дан астам тұрғыны қатысты. Халықаралық йога күнінің мақсаты - йоганың денсаулыққа пайдасы туралы халықтың хабардарлығын арттыру.
Мұнан соң Студенттер сарайында концерт өтті. Кеште Үнді классикалық билері мен Ақмарал Қайназарованың шығармашылығымен қазақ-үнді ырғақтарының үндестігі хореографиясы қойылды.
Үнді биінің хас шебері Ақмарал Қайназарованың «Үнді классикалық биі. Қазақстан және Үндістан» кітабының тұсау кесері өтті. Оған Еңбек ардагері, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов, университеттің Ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева, «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасының аға оқытушысы, доцент Гүлбану Мырзабаева мен хореографтар, аталған мамандық студенттері қатысты.
Сонымен қатар, Үнді классикалық биінің шебер орындаушысы «Бхаратанатьям биі» бойынша шеберлік сағатын өткізіп, әріптестері мен студенттерге өз тәжірибесімен бөлісті.
– Үнді классикалық биінің орындаушысы, ұстаз болғаныма биыл 26 жыл толып отыр. Үндістанда 7 жыл оқыдым. Қазақстан және Орта Азия бойынша осы саладағы алғашқы кәсіби маманмын. Үнді классикалық биінің терминологиясын, болмысын, оның екі ел арасындағы әсем, ерекше ғажайып үндестігін жазып қалдыруды мақсат тұттым. Тақырып ауқымы өте кең, мұхит сияқты. Сол жақта тұрғанда 2 арманым болды. Біріншісі, Алматыда жеке би орталығын ашу, екіншісі үнді классикалық биі жайлы кітап жазу еді. Сол армандарым орындалды. Үнді классикалық биі – философиялық өнер. Ол рухани құндылықтарға бай, – дейді хореограф Ақмарал Қайназарова.
Биші бірнеше күн бойы түрлі іс-шараларды ұйымдастырып жүрген университет ұжымы мен уақыт бөліп қатысқан көрермен қауымға алғысын білдірді.
Студенттерден бөлек жасөспірімдердің де спортқа икемі басым. Мәселен жыл басында Қызылорда қаласында «Сыр болашағы» спорттық, шығармашылық орталығының дзюдодан ашық біріншілігі өткізілген болатын. Аталған жарыста нағилық өрендер бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Білектің күшімен қарсыласты шан қаптырған спортшыларымыз жаттықтырушы қойған әдіс-тәсілді сәтті орындап шықты.
Өз кезегінде ашық біріншіліктің І орнына 38 келі салмақта Қуат Болат, 32 келі салмақта Сабыржан Мешітбаев, 29 келі салмақта Рахман Дарханұлы, 23 келі салмақта Рахат Гажданбек ие болды. ІІ орынға 29 келі салмақта Әділет Қалдыбек, 26 келі салмақта Дарын Қуанышұлы 35 келі салмақта Нұрғиса Бекболат, 32 келі салмақта Нұрбол Мұханбет табан тіреді. ІІІ орынға қол созған спортшылар арасында 35 келі салмақта Нұрперзент Ерболов, Қайсар Аққозы, 26 келі салмақта Әділет Әуезхан, 23 келі салмақта Диас Нұрланов, 29 келі салмақта Нұралы Мейрамбекұлы, 20 келі салмақта Жалғасхан Базархан бар. Ал қыздар арасында 36 келі салмақта Жібек Жәнібекқызы жеңімпаз атанса, Асылай Маргаждар үшінші тұғырдан көрінді.
– Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының тұрғындары әркез жеңіс тұғырынан көрінуде. Өз кезегінде балғын дзюдошыларымыз қалалық ашық біріншілікте кіл мықтылар арасында табандылық таныта білген спортшыларымызға дән ризамыз. Мемлекеттік бағдарлам шеңберінде спортшылардың жаттығуына барлық жағдай жасалып келеді. Біз қашанда спортшыларымызды мақтан тұтамыз. Өз кезегінде білікті бапкердің нұсқауымен спортшылар талай белесті бағындыра береді, – деген еді орталық құрылтайшысы Анар Қалдыбаева.
Шахмат спортына ойыссақ, Ақтаулық Эдгар Мамедов шахматтан Алматы қаласында өткен Азия чемпионатында алтын медаль иеленді. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі 12-19 маусым аралығында өткен жарыста жасөспірім «14 жасқа дейінгі» категория бойынша сынға түсті. 63 шахматшыны біліктілігімен басып озған Эдгар Мамедов былтыр да жедел шахматтан (рапид) Азия чемпионатына қатысып, үздік нәтиже көрсеткен. Бірақ биыл жасөспірім классикалық шахмат бойынша бақ сынады. Шахматшының анасы Гүлнар Мамедова ұлына қолдау көрсеткен жандарға алғысын айтты.
«Чемпионатқа Азияның 34 елінен 63 шахматшы қатысты. Бұл сайыста да Эдгар өзінің шеберлігін көрсете білді. Ұлымды мақтан тұтамын. Сайыс қорытындысы бойынша алты жеңіс пен үш «тең нәтиже» көрсетіп, 9 – дан 7½ ұпай жинады. Менің ұлыма үнемі қолдау көрсетіп отыратын Ақтау қаласы әкімдігіне, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, жаттықтырушыларға алғысымды айтамын», – деді шахматшының анасы Гүлнар Мамедова.
Қазақстанның он дүркін чемпионы, Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері және Азия чемпионы Эдгар Мамедов осы жылы халықаралық шебердің үшінші нормасын орындап, ФИДЕ рейтингісін 2405 пунктке дейін көтерген. Сондай-ақ, 13 жасында ол гроссмейстердің бірінші нормасын орындаған.
Ал Қызылордадағы шахматта қандай жаңалық бар?
Қарапайым ойыннан спорт пен өнер сатысына жеткен интеллектуалды сайыстың бірі − шахмат. Бұл сала Қазақстанда жетекші спорттың біріне айналды. «Корольдер алаңында» біліктілігімен көзге түскен гроссмейстерлер көбеюде. Әлемдік аренада бақ сынап, жеңіс төрінен көрінген жерлестеріміз бар.
Мәселен, 2022 жылы Грецияның Родес қаласында жасөспірімдер және қыздар арасында өткен әлем чемпионатында Сыр сұлуы Назерке Нұрғали әлем чемпионы атанды. Сол жылы Польшада әлем спортшылары бас қосқан додада жерлесіміз Әсел Серікбай үздік бестіктің қатарына қосылып, ел мерейін үстем етті. Мұндай жеңістің артында үздіксіз дайындық пен жаттықтырушылардың еңбегі жатыр. Осы орайда шахматтан облыстағы аға жаттықтырушы Риза Қошқаровамен хабарласып, бұл спорттың маңыздылығы туралы сұхбаттасқан едік.
− Бүгінгі еңбек − ертеңгі жеңіс. Жаттығу немесе сайысқа дайындық процесінде жетекші шахматшылардың материалдары пайдаланылады. Тактика, стратегия, дебют, эндшпиль, ойын барысын онлайн қарап, талқылаймыз. Кез келген ата-ана баласын шахмат курстарына бермес бұрын, баланың ойөрісіне мән бергені абзал. Шахмат адамның ойлау қабілетін дамытады. Менің ойымша, 3 жастан бастап балаға логиканы дамытатын ойындар, санамақ, бояу дәптерлерін үйрету қажет.
Әсел мен Назерке №136 мектепте оқитын. Мен де дәл осы білім ордасында болашақ шахматшылар командасын жинақтау үстінде едім. Шахмат кабинетіндегі алғашқы кездесу барлығын түбегейлі өзгертті. Қыздарға барлығы ұнап, сабақтан мүлде қалмайтын еді.
Әсел шахматқа 2008 жылы келді. Ол кезде небәрі алты жасар қыз еді. Шахматқа қызығушылығының арқасында сол жылы Қарағанды қаласында өткен Дәрмен Садуақасов атындағы кубокта бақ сынап, ең жас қатысушы атанды. Ал 2009 жылдың наурызында 8 жасқа дейінгі балалар турнирінде қола жүлдегер атанды. Арада 2 жыл өткеннен кейін Әсел Қазақстандағы 8 жасқа дейінгі балалар арасындағы бәсекеде классика, рапид және блиц бойынша үш алтын медаль жеңіп, чемпион атанды. Осылайша Грециядағы әлемдік додаға жолдама алды. 81 қатысушы бақ сынаған ақыл-ой спортында біліктілігімен үздіктер қатарынан көрініп, 3-орынды межеледі. Қызу дайындықтың арқасында жас шахматшы қызымыз 2011 жылы әлем чемпионы атанды. Румыня, Шри-Ланкада өткен жарыста 2-орын алса, 2018 жылы Грецияда әлем чемпионы мәртебесін иеленді.
Алты жасынан бастап шахматты меңгерген Назерке 8 жасында Қазақстан чемпионы атанды. Ол − шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы рапид және блицтан 2 дүркін Қазақстан чемпионы, қыздар арасындағы Әлем чемпионы, Үндістандағы шахмат Олимпиадасының қатысушысы, 20 жасқа дейінгі Азия чемпионы, спорт шебері.
Қыздар әлем, Азия чемпионы болу жолында тер төкті. Әсел мен Назеркеде екі-екіден гроссмейстер ұпайы бар. Ендігі кезекте тек біреуі қалды. Биыл аяқтайтынымызға сенеміз.
Бұл салада мықты маман болу үшін үздіксіз әрі жүйелі түрде дайындалу міндетті. Бұл уақыт пен көп жаттығуды талап етеді. Ал гроссмейстер лауазымын алу үшін физикалық белсенділікті арттырумен қатар турнирлерге көп қатысу қажет. Гроссмейстерлер қатысатын үздік турнирлерде перфоманс 2450 болуы керек, 9 ойыннан тұратын сайыста 4 гроссмейстермен кездеседі. Бұл, әрине, оңай емес.
Сыр өңірінде Қазақстан чемпионатында 1-орын алған чемпион ұлдар бар. Олар − Ақылжан Мейірханұлы мен Ернұр Ержанұлы. Жас шахматшылар Қазақстан атынан Бразилия және Италияда өтетін әлем чемпионатына қатысу құқығын жеңіп алды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының атынан қатысатын Аңсат Алдияр 2023 жылғы ерлер арасындағы Қазақстан чемпионы. Биыл «жыл спортшысы» атағын иеленді.
Өңірдегі, аудандардағы спорт мектебінде, сонымен қатар қалада «Чемпион», «Мерей» секілді шахмат үйірмелері бар. Қазіргі уақытта қатысушыларды Әділет Ерсерік, Мейржан Бармағамбетов, Үсен Махамбетов, Бекболат Мизанбаев есімді жаттықтырушылар дайындайды, − деді шахматтан облыстағы аға жаттықтырушы Риза Қошқарова.
Кең иықты, сом білекті жігіттер айналысатын гір көтеру – халық арасында кең тараған спорт түрі. Шойыннан құйылған гір тасын көтеру үшін спортшыға білектің күші мен темірдей төзімділікті ұштастыра білу керек. Осы орайда гір көтеруден байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы Азамат Ақылбековпен әңгімелестік.
– Бұл спорт түрімен 2011 жылы, яғни 8 сынып оқып жүрген уақыттан бастап айналыстым. Жасөспірім шақтан бастап бастап талмай еңбектеніп, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Бұл спорт түрін халық тек қана наурыз мерекесінде ғана көретіні жасырын емес. Жалпы гір көтеру спортынан облыстық жарыстар жиі болып тұрады. Бірақ ол жайлы тек осы спортпен айналысатындар ғана біледі. Ал жастар арасында қиындығына шыдамай, орта жолдан тастап кететіндер көп. Жас ерекшелігіне келетін болсақ 7-8 сыныптан, яғни 13-14 жастан бастап айналысса болады. Қазіргі уақытта білікті бапкерлер жас шәкірттерді машықтандыру үстінде. Әр спортшы деңгейіне сәйкес спорт құралдарымен де қамтылған. Ең бастысы, гір көтеру – табандылық пен шыдамдылықты қатты талап ететін спорт түрі екендігін ұмытпау қажет.
– Өзім бақ сынаған ең үлкен жарыс 2013 жылы Украинаның Керчь қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты болатын. Сол сайыста «жұлқа көтеру» кезеңі бойынша қатысып, 24 келі салмақты 150 рет көтеріп, 16 жасымда Әлем чемпионы атандым. Жеке рекордыма кел- сек, облыстық жарыстарда 24 келі кір тасын 170 мәрте, 32 келіні 100 рет көтерген едім. Дайындық барысында 16 келілік кір тасын 500 рет көтерген сәтім бар. Жастар арасында 2 дүркін Азия чемпионы болдым. Қазақстан Республикасы чемпионатында 2 күміс, 2 қола жүлде иелендім, − деген еді Азамат Ақылбеков.
Қайсарлық қазақтың қанында бар қасиет. Тіпті заманында арулар да атқа қонып, бес қаруын сайлаған. Әсіресе қорамсаққа қол салып, жылдамдықпен жебе ататын сұрмерген ер көп болған. Бұған жастана оқыған батырлар жыры мен қисса-дастан дәлел. Бүгінде садақ ату – спорт ретінде жанданып, ұлттық құндылық ұмыт қалмады. Ақсымбат Кәдірқұл да нысананы дәл көздейтін мерген.
– Табиғатты, жазық даланы ұнатамын. Ал атқа мініп, садақ атуға бала күнімнен қызықтым. Тіпті ағаштан садақ жасайтынмын. Сөйтіп Алматы қаласында кәсіби түрде садақ атуды меңгеріп, арнайы сертификат алдым. Конно клубтарға оқ пен садақ сатып, кәсіп бастайын деп жүргенде ұсыныс түсті. Яғни қыркүйек айынан бастап қос мектепте тренермін. 10-14 жас аралығындағы оқушыларды қабылдап, әдіс-тәсілді үйретіп жүрмін. Нәтиже жаман емес. Ашық турнирде бақ сынап, жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген 11 шәкіртім бар, – дейді А.Нұржанқызы.
Сайып келгенде садақ атудың денсаулыққа тигізер пайдасы мол. Смартфоннан бас алмайтын кезеңде көздің көру қабілетін жақсартады. Тіпті омыртқаны түзу етіп, жауырынды қатайтуға көмектеседі. Соған сай денені шынықтыру да маңызды. Жебе де жерде қалмай, нысанаға дөп тию үшін ой шашыраңқы болмау керек. Садақ атуды физика және математика ғылымымен байланыстырудың да мәні бар. Көздеу барысында санада сан түрлі формула құрып, амал қарастырады. Ал ауа-райы, жебе мен жел жылдамдығы, серпіліс пен салмақ физикаға бағыттайды.
– Садақты жай ғана тартып, жібере салуға болмайды. Садақ тартудың өзі өнер. Табандылықты қажет ететіні де рас. Оны бір тарту 24-25 келі жүк көтергенмен тең. Енді үйреніп жатқандар 25-30, ал ересектер 70 либрлі садаққа дейін қолданады. Садақтың түрі көп. Оғы да ағаш, карбон және бамбук болып бөлінеді. Түрлі нысана бойынша республикалық жарыстар өткізіледі. Мәселен, жамбыға 30 метрде атып, дөп тигізу – негізгі шарт. Бойды тік ұстап, тартқан кезде арқаға күш саламыз. Жалпы 1 минутта 10 жебе атамын. Әр қимыл-қозғалыс адамға оң әсер етеді. Спорт пен саулықтың сабақтас болатыны да содан, – дейді садақшы.
Иә, Ақсымбат сәйгүлік мініп, садақ тартқанды жанына жақын тұтады. Тұла бойы табиғаттан нәр алған соң, қиын тұсын да қиыстырып әкетеді. Садақ пен жебенің де жеке салмағы, күрделі құрылымы бар. Оңай көрінгенімен, қажыр мен еңбекті талап етеді.
– Садақ таңдағанда әркім күшіне мән беру керек. Садақ пен жебе бір-біріне сәйкес болғаны дұрыс. Жеке садағымды қазан айында сатып алдым. Хайарен садағын көргенде бірден ауыстырамын деп шештім. Тартылу күші 35 либр, садақ оғының ұзындығы 78 сантиметр, ал оқ салмағы 28 грамм. Жебенің қандай қашықтыққа дейін жететіні либрге байланысты. Өз садағыммен 200-250 метр дейін ұшады. Ал 40 либрмен 500 метрге жеткізуге мүмкіндік бар. Тіпті 90 либрлі садақпен атқанда 1200 шақырымға дейін жеткенін көрдік, – деді ол.
Көшпелілердің иығынан түспеген садақ байырғыдан қалған байлық, нағыз мұра. Тарих таспасынан бері жалғасқан өнер өлмесін дейміз. Жастар қызығушылығы артқан сайын бұл дода да қарсыласты қапы қалдырып, сайыпқыран атанары сөзсіз.
Олимпиадалық қозғалыстың белсендi қайраткерi Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен – түгел ғаламсың» деп бекер тұжырым жасамағаны анық. Спорт − бақытқа бастар жол! Ал сырбойылық жастардың спортқа, ғылым мен әдебиетке жақын, бейім екені қуантады.
А.Текебай