Kyzylorda-news.kz Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында NIS педагогтері мен қызметкерлері арасында дәстүрлі желілік спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген зияткерлік мектептердің қызметкерлерін бір алаңға тоғыстырған спорттық іс-шара биыл он алтыншы рет өтті.

Ауқымды додаға Қазақстандағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 18 команда қатысып, 300-ге жуық педагог пен қызметкер спорттың бірнеше түрі бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар волейбол, футбол, шахмат, үстел теннисі, ләңгі тебу, садақ ату және арқан тартыс секілді спорт түрлерінде шеберліктерін көрсетіп, тартысты кездесулер өткізді.

Спартакиада барысында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, барлық спорт түрі бойынша жартылай финалға жолдама алды. Командалық ауызбіршілік пен жүйелі дайындықтың нәтижесінде қызылордалықтар жалпыкомандалық есепте жүлделі ІІ орынды иеленіп, өңір намысын абыроймен қорғады.

Жекелей сайыстарда да Қызылорда құрамасының мүшелері ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Абылай Жәндеуов ләңгі тебу сайысында жоғары нәтиже көрсетіп, бұрынғы рекордты жаңартты. Ол «Ондық озығы» аталымының жеңімпазы атанып, жарыстың үздік спортшыларының бірі ретінде танылды. Сонымен қатар, Жанна Омарова үстел теннисінен шебер ойын өрнегін көрсетіп, «Үздік теннисші» номинациясына ие болды.

Желілік спартакиада қатысушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға, әріптестік байланысты нығайтуға және ұжымдық рухты көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай жарыстар педагогтер мен қызметкерлердің кәсіби қызметтен тыс уақытта да белсенді өмір салтын ұстануына, тәжірибе алмасуына және өзара ынтымақтастықты арттыруына мүмкіндік береді.

Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі командасының бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, командалық бірліктің және спортқа деген жауапкершіліктің нәтижесі. Жүлделі ІІ орын мен жекелеген номинациялардағы жеңістер ұжымның жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруға жігер береді.

Қызылордалық NIS командасы спорттық додада жүлделі болды.jpg

Тағы да оқыңыз: