Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы орталығында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Syr Jastary» жүгіру марафоны өткізілді.
Марафон Сырдария өзенінің сол жағалауында өтті. Яғни, «Эдельвейс» саяжайынан бастау алып, «Болашақ» университетінен аяқталды. «Syr Jastary» жүгіру марафонына 200-ден аса жас қатысып өз бақтарын сынады.
Сайыста ерлер арасында жүлделі ІІІ орынды Нұрбол Құрманайұлы жеңіп алды. Ал ІІ орынды Күмісбек Қонақбаев иеленді. Өзгелерден оқ бойы оза шауып үздік шыққан жас Тұрсын Керімбердиев І орынды қанжығасына байлады.
Қыздар арасында өткен жарыста ІІІ орынды Шамшырақ Сержанова иеленсе, ІІ орын мінберінен Айнұр Асылбекқызы көрінді. Ал жүлделі І орынды Эльмира Райымқұлова иеленді.
Сондай-ақ, бірнеше қала тұрғыны арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, Сырымбет Қашақбай «Ерлер арасындағы ең жас қатысушы», Нина Тен «Әйелдер арасындағы ең жас қатысушы», Уалишер Бәкір «Ерлер арасындағы ең үлкен қатысушы» және Ирина Юнгкинд «Әйелдер арасындағы ең үлкен қатысушы» номинацияларына ие болды.
Марафон жеңімпаздары мен номинация иегерлеріне қаржылай сыйақылар мен марапаттар табыс етілді.