Kyzylorda-news.kz Судья және сот қызметкерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, Қызылода облысының судьялары мен сот қызметкерлерінің арасында спартакиада ұйымдастырылды. Дәстүрлі спартакиада футбол мен волейболдан және судьялар мен сот қызметкерлері балаларының арасында шахмат ойынынан өткізілді.

Спорттық шараның ашылуына облыстық соттың төрағасы Ә.Шығамбаев, сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы С.Сүлеймен, оставкадағы ардагер судья А.Әнуарбеков, Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков қатысты.

Шараның ашылу барысында облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев бұқаралық спортты дамыту баршамыздың ортақ міндетіміз екенін, осы мақсатта жыл сайын облыс соттарының арасында дәстүрлі спартакиада өткізіліп келе жатқанын атап өтсе, департамент басшысы С.Сүлеймен сот қызметкерлері түрлі спорттық бәсекелерде жеңімпаз атанып жүргеніне тоқталды. Оставкадағы судья А.Әнуарбеков ұжымды облыстық соттың спорттық сайыста жеткен жетістіктеріне тоқталып, естеліктерімен бөлісті. Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының төрағасы Б.Елшібеков сайыс қатысушыларына сәттілік тілеп, судьялар мен сот қызметкерлерін осындай спорттық сайыстарға белсене қатысуға шақырды.

Шахмат турнирі 6-10 жас және 11-15 жастағы балалардың арасында өткізілді.

Ал, футбол және волейбол ойындарына облыстық соттың «Айбын» командасы, Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы аудандық соттарынан құрылған «Барыс» командасы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш, Сырдария аудандық соттарынан құрылған «Сұңқар» командасы, Қызылорда қалалық соты және №2 сотынан құрылған «Қанағат» командасы қатысты. Сайыс қатысушылары сайыстың барлық кезеңде шеберліктері мен тыңғылықты дайындықтарын көрсете білді.

Шахмат сайысының қорытындысы бойынша 6-10 жас аралығында ІІІ орынды Б.Есенгелдиева, ІІ орынды Ә.Бекмырза, І орынды Ә.Қайрат иеленсе, 11-15 жас аралығында С.Сақтағанов ІІІ орынды, Ш.Абуз ІІ орынды, М.Абуқасымов І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, сайысқа белсене қатысқан жас шахматшылар дипломдармен марапатталды.

Тартысты өткен сайыстардың қорытындысы бойынша волейболдан ІІІ орынды «Айбын» командасы, ІІ орынды «Найзағай» командасы, І орынды «Сұңқар» командасы иеленді. Сонымен қатар, «Үздік шабуылшы» номинациясымен облыстық соттың судьясы Н.Қосанов, «Үздік қорғаушы» номинациясымен облыстық соттың судьясы А.Наримов, «Үздік ойыншы» номинациясымен Жаңақорған аудандық сотының маманы А.Алмасов марапатталды.

Футболдан ІІІ орынды «Барыс» командасы, ІІ орынды «Қанағат» командасы, І орынды «Айбын» командасы жеңіп алды. Одан бөлек, қалалық соттың маманы Н.Ержанов «Үздік қақпашы» номинациясы, Қармақшы аудандық сотының маманы С.Қожабаев «Үздік қорғаушы» номинациясы, облыстық соттың маманы Д.Ерәлі «Үздік ойыншы» номинациясы табысталды.

Спорттық сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, кубоктармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Тағы да оқыңыз: