Kyzylorda-news.kz. «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Жалпы халықтың спортпен айналысуы ел халқының сау денелі болуына әсер еді. Сау денелі, сапалы ұлт қана мәңгілік ел мұратын орындай алмақ. Басқасын айтпағанда еліміздің спорт саласында қандай жетістіктерге жеткенін ескерсек, соның өзі Елбасының салауатты өмір салты ұстанымының өз жемісін бергенін айғақтайды. Еліміз спортшылары әрқашан да халықаралық ареналарда ірі табыстарға жетіп жүр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Елімізде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындар саны 6 миллион адамға жетті. 
Бұқаралық спортты дамыту үшін – спорт нысандары баршаға қолжетімді бола түсуі керек. Сала жұмысын саралайтын болсақ, 2023 жылдың 5 айында өңірімізде 1 халықаралық турнир, 10 Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогы (2 гандбол, ауыр атлетика, әмбебап жекпе-жек, 2 велоспорт, бәйге, асық ату мен бес асық, каратэ, таеквондо GTF), 26 республикалық және 61 облыс біріншілігі мен турнир ұйымдастырылып, оған 15 462 спортшы қатысты. 

Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында 1 мектеп интернат-колледжі, 2 облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, 1 олимпиадалық резерв даярлау орталығы, 3 спорт клубы (мүгедектерге арналған спорт клубы, ұлттық және ат спорты клубы, велоспорт клубы) және 4 кәсіби спорт клубы (футбол, гандбол, көгалдағы хоккей, волейбол), 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Спорт мектептерінде спорттың 48 түрімен (облыстағы спорт түрілері - 95) 614 жаттықтырушы-оқытушы 21 367 спортшыны тәрбиелеуде.

Бүгінде үлкен спортта биік-биік белестерді бағындырған ардагер спортшылар, одан кейін де Сыр өңірінің даңқын асырып келе жатқан жас спорт шеберлері де арамызда аз емес. Соңғы жылдары қызылордалық саңлақ спортшылар бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерді. Облыс құрама команда сапында 928 спортшы 117 оқу-жаттығу жиынына, 1219 спортшы 132 республикалық, халықаралық жарысқа қатысқан.
Нәтижесінде, ҚР чемпионаты мен кубоктарынан 413 (110 алтын, 120 күміс, 183 қола) медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарынан 43 (19 алтын, 11 күміс, 13 қола) медальға қол жеткізді.

Спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 552 спортшы енгізілген.

Әлемдік додадағы облыстың басты жаңалығы Дуррес (Албания) қаласында ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында қызылордалық Ерасыл Сәулебеков жеңімпаз болып 2 дүркін әлем чемпионы атанса, Сабыр Нұрдос пен Алексеева Таисия күміс жүлделер иеленген. 
Сонымен қатар, Бангкок (Тайланд) қаласында бокстан жастар арасында өткен Азия чемпионатында спортшыларымыз Ержан Гүлсая мен Алтынбек Нұрсұлтандар чемпион атанса, Астана қаласында грек-рим күресінен өткен Азия чемпионатында Сырлыбай Олжас қола медаль иеленген.

Мүмкіндігі шектеулі Сыр спортшылары да табысты өнер көрсетуде. Астана қаласында пара дзюдодан өткен Азия чемпионатында Оразалыұлы Олжас қола жүлде иеленсе, Грузияда пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогынан спортшыларымыз 6 медаль (1 - алтын, 1 - күміс, 4 - қола) еншілеп, ел намысын қорғады.

Облыста спорт саласында айтулы жетістіктерге жетіп жүрген бұдан өзге де талантты спортшы жастарымыз өте көп. Сонымен қатар, есепті кезеңде 2 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, 3 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 31 ҚР спорт шебері, 570 ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшы дайындалды.

Спорт саласы бойынша 12 нысанның (Қамыстыбас, Аманөткел, Жақсықылыш, Пірімов, Түктібаев, Бесарық, Ақай, Махамбет, Машбек ауылдық округтерінде Жосалы, Жалағаш,Шиелі, Тасбөгет кенттерінде) құрылысы жүргізілді, қазіргі таңда оның 4-уі қолданысқа берілді (Арал ауданы Аманөткел, Қазалы ауданы Пірімов, Түктібаев және Ақай елді мекендерінен спорт кешендері). 

2023 жылыөтпелі 8 нысанның құрылыс жұмыстары жалғасады. Бұл нысандар 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 542,1 млн теңге қаралды. Сөйтіп барлығы 9 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кету керек, былтыр еліміздің спорт резервін дайындау бойынша нәтижелі жұмыс үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынбақ.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде 20-дан астам ұлттық спорт түрлері белсенді түрде дамыды. Олардың ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ат бәйгесінің ұлттық түрлерімен айналысатындар саны артып келеді.

 

 

Тағы да оқыңыз: