Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында QYZYLORDA STREET SPORT FEST аясында ұйымдастырылған және 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай өткізілген стритболдан (3х3) облыстық ашық турнир өз мәресіне жетті.
Аталған спорттық іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар турнир жастарды белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.
Жарысқа Қызылорда облысының аудандарынан, Қызылорда қаласынан, сондай-ақ Шымкент және Байқоңыр қалаларынан келген барлығы 10 команда қатысты. Ашық форматта өткен турнир барысында қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетіп, жоғары деңгейдегі дайындықтарын дәлелдеді. Әрбір кездесу тартысты өтіп, жанкүйерлерге қызықты әрі әсерлі ойын сыйлады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде ұйымдастырушылар жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мен зиянды әдеттердің алдын алудың маңыздылығына тоқталып, спорттың денсаулықты нығайтудағы және тұлғаның жан-жақты қалыптасуындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ қатысушыларға сәттілік тілеп, әділ әрі тартысты бәсеке болуына ниет білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Нәтижесінде:
- І орын – Qyzylorda U18 командасы;
- ІІ орын – «Қайсар» командасы;
- ІІІ орын – Шымкент қаласының құрамасы иеленді.
Турнир барысында қатысушылар жоғары спорттық мәдениет пен командалық рухтың үлгісін көрсетіп, стритбол спортының өңірдегі дамуына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар жарыс жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.
QYZYLORDA STREET SPORT FEST аясында өткен стритбол турнирі жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған маңызды әлеуметтік-спорттық жоба болды. Осындай ауқымды іс-шаралар жас ұрпақтың денсаулығын нығайтуға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және қоғамда есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға оң ықпал етеді. Алдағы уақытта да жастарды қолдауға және спорттық белсенділікті арттыруға бағытталған жобалар өз жалғасын табатын болады.
