Kyzylorda-news.kz  Фитнес – кез келген жаста жасауға болатын пайдалы спорт түрі. Оның дене сымбаты мен әдемілікті қалыптастыруда септігі мол.

Әрбір адам өз дене бітімі мен сырсымбатының келісті, әдемі болғанын қалайтыны анық. Сол үшін де күнделікті күйбең тіршіліктен уақыт тауып, дене тәрбиесіне тұрақты көңіл бөлетіндер аз емес. Осы тұрғыда көбісі фитнес орталықтарының қызметіне жүгінеді. Фитнес орталықтарына адамдар түрлі себептермен келеді. Бірі салмақ тастап, арықтауды қаласа, кейбіреуі бұшықеті бұлтылдаған, сымбатты денені қалайды. Жаттығу залында ер-азаматтармен қатар қыз-келіншектердің де қарасы қалың. Адам бойының өсу процесі 18-25 жас аралығында тоқтайды. Осы жасқа дейін дұрыс дене бітімін қалыптастырғаны жөн.
Қызылорда қаласында фитнесклубтардың саны артып келеді. Сапаға баса назар аударатын келушілер жаттығу залын өздері тұратын аймаққа жақын жерден таңдайды. Одан кейін залдың ішкі тазалығы мен спорт құралжабдықтарының түріне мән береді. Фитнес клубта тәжірибелі жаттықтырушы маманның пікірі маңызды. Бүгінде «Red Gym», «LADY GYM», «Arystan.gym», «IMPULSE» секілді фитнес клубтар халық сұранысына ие. Баға тиімділігі де аталған спорт орталықтарына келушілер санын арттырады. Өз бетінше жаттығу жасайтындармен қатар жаттықтырушы қызметіне жүгінетіндер көп. Келушілердің жасы, дене бітімі, бойы мен салмақ дәрежесіне қарай әртүрлі тапсырмалар мен жүктемелер беріледі. Жаттығу залында спортпен шұғылдану арқылы координация, күш, төзімділік, жылдамдық көрсеткіштері және икемділік секілді дененің барлық физикалық сапаларын жақсартуға болады.

Көптеген келушілер жаттықтырушы немесе спорттық дәрігердің көмегімен келісімді түрде жаттыға отырып, денсаулығына қатысты көп мәселелерді шешеді. Өйткені күштік жабдықтардағы жаттығулар механотерапия және көптеген аурудың алдын алады. Жаттығу залындағы жүгіру, велосипед тебу секілді жеңіл физикалық жаттығулар арқылы тыныс жолдары аурулары мен созылмалы буын ауруларын емдеуге болады. Дене тәрбиесінде жақсы нәтижеге жету үшін бір айдан аса уақыт тұрақты жаттығу қажет.

Дамыған елдерде тұрғындардың 20-22 пайызында фитнес-клуб картасы бар екен. Еуропада бұл сан орташа есеппен 15%. ТМД елдерінде ең жоғарғы көрсеткіш Ресей астанасы Мәскеу қаласында 12- 14% аралығында. Қазақстанда 1,5%, максимум 2%-ды құрайды. Қазақстандағы фитнес-клубтардың саны 4000-нан асқан. Қазір қоғамда фитнес табысты адамның көрсеткішіне айналып жатыр. Жаттығу залындағы фото мен видеоны адамдар міндетті түрде әлеуметтік желілерге салады. Осы арқылы Қазақстанда фитнестің танымалдылығы арта түскен.

Сыр мен сымбаты келіскен, сұлу дене бітімін қалыптастыру оңай емес. Дене тәрбиесінде ең маңыздысы төзім мен сабырды ұштастыра білу.

 

М.Төлеген

Фото: ашық дереккөз

Тағы да оқыңыз: