Kyzylorda-news.kz. 27-30 сәуір аралығында Қызылорда қаласында асық ату мен бес асықтан 2010-2012 жылы туылған жасөспірімдер аралығындағы ҚР чемпионатыны өтуде. 

Мұндай ауқымды жарыстың біздің облысымызда өтуі - облысымыздағы ұлттық ойындардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанының көрінісі. 28-сәуір күні "Нұрсәт" теннис орталығында шараның ресми ашылуы салтанатты түрде болып өтті. Жарысты Асық ату Федерациясының президенті Жомарт Сабыржанов мырза мен осы жарыстың бас төрешісі Азамат Кобелов мырза ашып берді.

Аталмыш додаға 16 облыстан 16 команда келді. Командалардың осындай көп мөлшерде келуі - асық ойындарының тарихында алғаш рет болып тұрғанын тілге тиек еткен басшылық, ойынның жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын, ұлттық ойындарымызды әлде де дәріптеп, насихаттап, шәкірттеріміздің бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңдіру керектігін, рухани мәдениетімізді үйрету керектігін атап өтті.

Бүгінге дейінгі нәтижелерге көз жүгіртсек, облысымыздың ұлдар құрамасы да, қыздар құрамасы да әзірге ешқандай облыстан жеңілмей, топтан 1 орынмен шығып тұр. Алдағы ақтық ойындарда асықшыларымыздың асықтары алшысынан түсіп, жеңісті өзімізде қалдырады деп сенеміз.

Айта кететін бір жайт, 16 облыстан келген қонақтарға арнап "Ақ-Жайық" мейрамханасында 27-сәуір күні үлкен қонақасы берілді. Қонақжайлылықты ту еткен қызылордалықтар ҚР асық ату федерациясының президенті Жомарт Сабыржанұлының иығына шапан жапты.

Тағы да оқыңыз: