Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облысының Жалағаш ауданында қызмет барысында қаза тапқан милиция капитаны Кеңесбек Әбішевті еске алу құрметіне шағын футболдан турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына Жалағаш ауданы полиция бөлімінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және Әбішев Кеңесбек Махметханұлының балалары мен туыстары қатысты.

Әбішев Кеңесбек Махметханұлы 1958 жылдың 20 наурызында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Ақарық ауылында дүниеге келген.

1964 жылы қазіргі Есет батыр ауылындағы №124 орта мектепке қабылданып, 1974 жылы бітіреді. 1975 – 1977 жылдар аралығында әскер қатарына қабылданып, Мәскеу қаласында екі жыл әскери борышын абыроймен өтеп келген. 1978 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. Оқи жүріп Жарылқағанова Кенжемен бас қосады. Жанұялы болған соң оқуын Қызылорда қаласындағы Гидромелиоративный институтына ауыстырып, сол жерден оқуын аяқтайды. Алғаш еңбек жолын туған өлкеде түрлі қызметтер атқарудан бастайды.

1990 жылы Шымкент қаласындағы № 9 полиция қызметкерлерінің курсынан өтіп, 1991 жылдан бастап 1997 жылға дейін туған жерге қызмет қылу мақсатында ауылда учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс атқарады. 1997 жылы АІІ бөліміне лауазымды қызметке ұсынылып, майор шеніне бұйрық тағайындалған шағында 23 қыркүйек күні қызметтік міндетін атқару барысында қаза болды. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегенді ұстана жүріп қызметінде адал ерлікпен есте қалса, өз отбасында асқар тау әкенің ізгі жолын жалғаған ұрпақтары әке-шешенің үкілі үмітін ақтаған ұрпаққа айналды.

Жары Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін тәмамдаған. 1982-2021 жылдар аралығында үздіксіз еңбек етіп, ел ықыласына бөленген ардагер ұстаз атанды.

Әкеден жас қалса да ананың шексіз мейірімі мен қажырлы еңбегінің арқасында 5 баласы білікті маман иесі болып, бүгінде үлгілі шаңырақ құрып өркендеп отыр.

Дода өте тартысты өтті. Жеңісті оңайлықпен бермейтін командалар бір-бірінен қалыспай әсерлі ойын көрсете алды.

Ерекше ойынымен көзге түскен Қармақшы ауданы полиция бөлімінің командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Жалағаш ауданы полиция бөлімі, үшінші орынды Сырдария ауданы полиция бөлімінің командасы еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Фото: Qyzylorda PD

Тағы да оқыңыз: