Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығы мен Республика күні мерекесіне орай «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешенінде Қызылорда облысының арнаулы, құқық қорғау органдары, күштік және әскери құрылымдар ардагерлері мен 45 жастан асқан қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Жарыстың мақсаты ұлттық мерекені кеңінен атап өту, салауатты өмір салтын насихаттау, ардагерлер мен қызметкерлер арасында ынтымақтастықты нығайту.
Аталған спорттық бәсекеге 6 командадан 60 ойыншы қатысты.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті;
- Қызылорда облысының Полиция департаментінен - 2 команда;
- Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті;
- Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Дүбірлі сайысты ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы полковник Б.А.Қалмырзаев ашып, жуырда өткен ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтады. Сонымен қатар, Қазақстанның тұрақтылығын қамтамасыз етуде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен күштік құрылымдарының орнын, олардың үлесін ерекше атап өтіп, жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі.
Турнир барысында топтық ойындардан соң бірінші жартылай финалда аумақтық орган командасы облыстық Экономикалық тергеу департаментін жеңіп, финалда ҰҚК Шекара қызметінің облыстық департаментін айқын басымдылықпен ұтып, ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті турнир жеңімпазы атанды. Ал үшінші орынға облыстық Полиция департаменті жайғасты. Жарыс нәтижесі бойынша Департамент бастығы және ҰҚК ардагерлері женімпаздарды грамоталар, медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, үздік ойыншы, шабуылшы, қақпашы және Ардагер ойыншы номинациялары табысталды.
Сайыс аяқталғаннан соң қатысушы командалар капитандары мен ардагерлер ұйымдары төрағаларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда турнирді ұйымдастырушы тарапқа алғыстар айтылып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған осындай шаралар бұдан әрі көптеп өткізілетіндігі аталып өтілді.
