Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып жүрген спортшылар баршылық. Солардың бірегейі – биыл Франция елінің астанасы Париж қаласында өткен Олимпиада ойындарында боз кілемде білек күшін сынаған палуан, дзюдодан жоғары дәрежедегі сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас спортшы Абылайхан Жұбаназар. Жақында жас спортшымен әңгімелесудің орай түскен еді.
– Абылайхан, ең әуелі үздіктер үзеңгі қағыстырған Париж олимпиадасына тоқталсақ...
– Олимпиада – әрбір спортшы үшін ең үлкен жарыс. Себебі басқасына қарағанда мұндағы жауапкершілік жүгі әлде қайда ауыр. Бұл моральдық тұрғыда да ой-өрісіңе әсеретеді. Бірақ мен моральды түрде де, физикалық түрде де дайын болдым. Тек өкінішке орай, жаратқанның дегені болды, жеңіліс таптым. Бұған еш мойымаймын. “Бүгінгі Абылайхан, кешегі Абылайханнан мықты болуы керек” деген ұраным бар. Алла амандығын берсе, алдағы уақытта Лос-Анджелес қаласында өтетін олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, енді есе жібермеуге жұмыс жасайтын боламыз. Оған дейін жауырынды жерге тигізбеу керектігі де бар.
– Енді балалық шағыңызға оралсақ... Жалпы боз кілемге қалай келдіңіз?
– Спортқа алғаш достарыма еріп, он екі жасымда келдім. Қазақша күрес үйірмесіне қатысып, әрі қарай қызығушылығым артып, түрлі деңгейдегі жарыстарға бардым. Бірнеше мәрте жеңіске де жеттік. Сондай жарыстың бірінде жүргенімде қызылордалық жаттықтырушы ағайымыз кезігіп, сондағы үлкен жарыстарда бақ сынауға шақырды. Сөйтіп, он жеті жасымда Қызылордаға ауысып, сонда дайындық бастадым. Жаттықтырушымыздан жаңа әдістер үйреніп, көптеген белестерді бағындырдық. Жалпы спортқа осылай келдім.
– Әдетте былғары қолғап киген немесе боз кілемде белдескен жігіттердің дені аралас жекпе-жек, яғни ММА-да бақ сынап жатады. Бұл жайында ойыңыз қалай?
– Иә, бүгінде ондай спортшылар қарасы қалыңдады. Әдетте белгілі бір спорт түрін жолға қойып, кейін өзін басқа спортта көретін азаматтар таңдап жатады аралас жекпе-жекті. Оның ішінде жоғары жетістіктерге жетіп жүргендері де бар. Бірақ менде әзірге ондай ой жоқ. Себебі дзюдо – өте күрделі, ауыр спорт түрі. Мұнда назарың нақты осы спорт түріндеболмаса, нәтиже шығару қиынның қиыны.
– Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?
– “Жүз жыл өмір сүрсең, жүз жыл үйрен” деген бар ғой, сол секілді әлі де үйренерім көп. Сол үшін шәкірт тәрбиелеуге әзірге асығыс емеспін. Барлығы өз уақыты, өз орнымен болады.
– Жігітке жеті өнер де аз десек, жетеуді де жығатын жігерлі жігіт Абылайханның басқа қандай өнері, хоббиі бар?
– Негізі дзюдодағы арнайы рейтинг тізімінен құлап кетпес үшін ай сайын өтетін жарыстардан қалмай, қатысып тұру қажет. Уақыттың көбі сол үшін боз кілемде өтеді. Жалпы күресу де өнер деп білемін. Одан бөлек, күмбірлетіп күй ойнамасақ та, аңшылық пен атсейістікке икемім бар. Спорттан тыс уақытта осы істермен айналысамын.
– Кумиріңіз кім?
– Кумирім – елдің батыры, осы спортта өзінің өшпес тарихын жасап жатқан Елдос Сметовағамыз. Бұл жайында бұған дейінгі берген сұхбаттарымда да айтып жүргенмін. Елдос ағамыз әрбір жас үлгі тұтып, еліктеуге лайықты еліміздің тау тұлғалы азаматтарының бірі. Қазір дайындықтарда жанымызда болып, өзінің білгенімен бөлісіп жүр. Жарыстарда да шынайы жанашырлығын көрсетіп, жігерлендіріп жүреді.
– Алға қойған мақсат-жоспарыңыз қандай? Бөлісе отырсаңыз...
– Үлкен спортта жүрген соң кейде түрлі сынақтардан өтеміз. Жарыс алдында не барысында жарақат алып, соған төзіп те өтіп жатамыз. Мұның барлығы түптеп келгенде ерім деген елдің атын асқақтату, Туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқату үшін жасалып жатқан еңбек. Бұл – бірінші. Ал екіншісі, ел спортында басқа да аға-әпкелеріміз секілді өшпес із қалдыру. Одан кейін, әрине, өткен олимпиадада кеткен есені Алла қаласа 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін жарыста қайтару.
– Абылайхан, ашық әңгімеңіз үшін көп рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болғай!
Серік АҚМЫРЗА