Kyzylorda-news.kz. Қазалылық қайсар қыз Таисия Алексееваның жеңісті жорығы Жетісу облысы, Талдықорған қаласында жалғасты. Ол бүгіндері ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында бірінші орын иеленді.
Салмағы ауыр спорт саласындағы кіл мықтылар арасынан суырылып шығып, алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Нақтыласақ, №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшысы 64 келі салмақ дәрежесі бойынша жұлқа көтеруде 81 келіні бағындырса, серпе көтеруде 90 келіні бастан асырды.
Таисия Алексейқызы бала кезден мектеп бағдарламасынан бөлек айрықша спорт саласына қызығушылық танытты. Кезінде басықаралық Әмірбек ағайының еркін күрестен ашқан үйірмесіне ынта-жігермен қатысып, жарыстардан жүлделі орын иемденген. Оның қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығын байқаған қазіргі жаттықтырушысы Азиз Жақсылық ауыр атлетикамен шұғылдануға ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныстан бас тартпаған Таисия қазір бірнеше мәрте ҚР чемпионатының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, Таисия наурыз айының соңында Албания елінің Дуррес қаласында ауыр атлетикадан өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 64 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдегер атанған еді.