Kyzylorda-news.kz Қазалыда философия ғылымдарының кандидаты, профессор Мұстафа Матаев атындағы мұғалімдер арасында волейболдан аудандық ашық турнир өтті.
Әйтеке би кентіндегі Мұстафа Матаев атындағы №170 орта мектепте өткен спорттық шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы барып, ардақты азаматтың ұрпақтарымен кездесіп, іс-шараның өтуімен құттықтады. Сондай-ақ, білім ошағының ауласындағы Мұстафа Матаевтың ескерткіш бюсті және музейімен танысты. Турнирдің ашылу салтанатына аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов және де Мұстафа Матайұлының ұрпақтары мен осы мектептен түлеп-ұшып, түрлі салада қызмет етіп жүрген бірқатар ел азаматтары қатысты.
Білім ордасында өткен турнирге ауданымыздағы №249, №70, №92, №266, №288 және М.Матаев атындағы №170 мектептерден 6 команда бақ сынады. Жеңімпаз командалар арнайы дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, аудан орталығындағы №170 мектепке 2022 жылы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Мұстафа Матайұлының есімі беріліп, өз заманының өршіл тұлғасына арналып музей мен ескерткіш бюсті ашылған болатын.
Өрендер тоғызқұмалақтан бәсекеге түсті
Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Жалпақбай Нұрмағамбетовті еске алуға арналған тоғызқұмалақтан ашық турнир басталды.
Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен турнирді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов пен туыстары атынан Дөңес Жанаділов және баласы Марат Нұрмағамбетов сөз алып, Жалпақбай Нұрмағанбетұлы жайында естеліктермен бөлісті.
Ұлттық спорт – тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасындағы жекелей аудандық ашық турнирге Қызылорда қаласы және басқа да, аудандардан 7 команда, аудан мектептерінен 9 команда, жалпы – 160-қа жуық спортшы қатысты.