Kyzylorda-news.kz. Қазалы аудандық Орталық «Жанқожа батыр» мешіті Қазалы ауданының әкімдігімен бірлесе Құрбан айт мерекесіне орай аудан мешіттерінің жамағаты арасында «Бірлігі жарасқан жамағат» атты кіші футболдан ашық турнирін өткізді.

Футбол турниріне жеті команда қатысты. Аталған сайыстың басты мақсаты – жамағат арасындағы бірлікті, бауырмашылдықты, салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, жалпы құндылықтарды қалыптастыру. Бір-бірімен жарысқа түскен дүбірлі додада жүйріктердің тізімі төмендегідей: Бірінші орынды «Әли Муса-2» командасы алды (100 000 теңге). Екінші орын «Әли Муса-1» командасына (70 000 теңге), үшінші орын «Жанқожа батыр» командасына (50 000 теңге) бұйырды. 

Жолмырзаев Нұрқасым «Үздік қақпашы», Ерғалиев Дәуренбек «Үздік қорғаушы», Иман Мейірімжан «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Қалған қатысушы төрт командаға да 20 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.

«Осындай шараларды үнемі ұйымдастыру жамағат бірлігін арттыруға септігін тигізеді. Спорт – денсаулық кепілі. Әр адам жүйелі түрде спортпен шұғылданып тұрса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Игі іске бастамашы болған мешіт қызметкерлеріне алғыс білдіреміз» – дейді турнир қатысушылары. 

Тағы да оқыңыз: