Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысының жолдауынан туындайтын іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында бұқаралық спортты арттыруда сала қызметкерлері сүбелі үлес қосуда. Осы ретте №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің күрес залында «Ағайынды Асқар мен Серікбол Алпысбайұлдарын» еске алуға арналған грек-рим күресінен 2013-2014 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир өткізілді.
Палуандардың спорттық шеберлігін арттырып, оларды достыққа және патриоттық сезімге тәрбиелеу мен жасөспірімдер арасында грек-рим күресін одан әрі дамытуды көздеген жарысқа 180 бала қатысты. Екі күнге созылған сайыста төрешілер алқасының отырысы, қатысушылардың жеребе тартуы мен салмақ өлшеу реттелді.
Бозбалалар белдесуіне сәттілік тілеген Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеуімбетов турнирді ашып берді.
– «Ағайынды Асқар мен Серікбол Алпысбайұлдарын» еске алуға арналған грек-рим күресінен 2013-2014 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнирдің алғашқы бастамасы оң болсын. Мұндай жарыстардың тәрбиелік маңызы зор. Бұл ел келешегі саналатын жастарүшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Осында жиылған және басы-қасында жүріп, атсалысқан барша азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Әрине, арыстай азаматтардан айрылу оңай емес. Дегенмен, сондай ұрпақты дүниеге әкеліп, жақсы азамат тәрбиелеген ата-анасы қатысып отыр. Осы ардақты жандарға алғысымды жеткіземін. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Асқар мен Серік арамыздан ерте кетсе де, орнында бар оңалар деген бүгін қайта тірілгендей күй кешуде. Марқұмдардың жатқан жері жайлы болсын демекпін. Ал, қатысушыларға жеңіс тілеймін, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Асқар Алпысбайұлы 1979 жылы 4 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1985 жылы аудан орталығындағы №204 орта мектепке 1-сыныпқа қабылданып, 9-сыныпты бітіргеннен кейін 1994 жылы теміржолшылар дайындайтын №5 кәсіптік мектепке (қазіргі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі) оқуға түскен. Аталған оқу орнын бітірген соң Ақтөбе қаласындағы теміржолшылар техникумын «Вагон шаруашылығы» мамандығы бойынша бітірген.
2004 жылдан өмірінің соңына дейін Ақтөбе теміржол бөлімшесіне қарасты Қазалы материалды қоймасында үздіксіз қызмет атқарған. Отбасылы 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Оның ізінен ерген інісі – Серікбол Алпысбайұлы 1986 жылы 24 ақпанында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келді. 1992 жылы С.Сейфуллин атындағы №165 мектепке барып, 2003 жылы бітірген соң, Ақтөбе қаласындағы теміржолшылар техникумын «Локомотив шаруашылығы» мамандығын меңгеріп шықты. Дегенмен, кәсіпке бетбұрып, сауда саласын дамытты. Отбасылы 1 қызы бар.
– Халыққа алғаусыз алғысымды білдіремін. Екі балам да, жақсы еді. Ешкімнің алдынан кесе өтпеген. Қолдарынан келген көмегін аямайтын қасиеттері бар-тын. Шүкір соның нәтижесі шығар. Жолдастары мен ауылдастары арасында сыйлы екенін көрсетуде. Әрине, қимайсың, дегенмен, Алланың жазуына көнеміз. Ендігісі, немерелерім аман болсын. Соларды ержеткізіп, өз орындарына орналастырсақ арманымыз жоқ, – дейді марқұмдардың әкесі Алпысбай Мәденов.
Белдесу қарсыластар түрегеліп төрттағанға түскенде аударылып, домалатып, әдістер қолдану арқылы өткізілді. Мұнда балуандардың бір-бірлерін белден төмен ұстауына, аяғынан шалуына, қағуына рұқсат етілмейді. Грек-рим күресінің мақсаты – лақтырған, немесе төрттағаннан аударған, домалатқан кезде қарсыласының екі жауырынын бір мезетте, немесе бірінен соң, бірінің қайтарымынан кілемге тигізу. Мұндай басымдылық таза жеңіс деп, есептеледі де, белдесу тоқтатылады.
Осындай тартысты турнирде 21 келі салмақтағы Әйтеке би кентінен Айдос Өмірбек жеңіс тұғырына көтерілді. Абдурахман Сағидулла екінші орынды жеңіп алды. Үшінші орынды Мүслім Мүкейн мен Нұрболат Серік қанжығалады. 25 келіліктер арасынан Ясин Мукейн бірінші орыннан көрінді. Әділбек Оразбай екінші орынға шықты. Нұрқанат Яхия мен Нұрмұхаммед Ерланұлы үшінші орынды місе тұтты. Сонымен бірге, 28 келі салмақтағылардан бірінші орынға Нұрлыжан Орысбай жайғасты. Үшінші орынды Әмин Мукейн ұтып алды. 32 келі салмақтан Асылжан Ырысдәулет 35 келі салмақтан Дәулет Қуантқан, 44 келіліктер арасынан Нұрдәулет Жаналы, 48 келі болған Санжар Омарғазы бірінші орынды иемденді. Екінші және үшінші орындарды суырып алған 32 келі салмақтағылар: Нұрислам Сағидулла мен Нағашыбай Серікұлы бар. 38 келідегілерден Әлисұлтан Жанғабыл екінші орынға жайғасса, Рамазан Дәуренбек үшінші орынды қанағат тұтты. Ерсаян Ерлепес пен Мұқағали Махат және Мейірбек Айдос, Дәулет Әли, Нұраян Ерлепес, Дамир Күнекеев пен Құдірет Әбдіраман 41, 48, +48салмақтан екінші және үшінші орындарды қарсыластарынан жұлып алды. Қазалы қаласынан қатысқан 41 келі салмақтағы Нұрасыл Ұзақбай бірінші орынды жеңсе, 44 келідегі Дамир Ертас үшінші орынды иеленді.
Мақтаралдан келген Мырзакемел Абулкасим 28 келі салмақпен және 35 келі салмақтағы оралдық Арсен Есет екінші орынды иеленсе, қызылордалық 28 келідегі Ғазиз Төлегенұлы мен 35 келі болған Ернұр Төлегенұлы және сексеуілдік Диас Темірбек үшінші орынды қанжығасына байлады.
Оралдан келген 38 келі салмақтағылар арасынан Ислам Төлегенов бірінші орынға шығып, жеңімпаз атанды. Ал, атыраулық Ибраһим Мақсат қола жүлдені қанжығалады. Көрші ауданнан бақ сынаған 41 келі салмақтағы аралдық Нұрғасамет Бижанов екінші, мақтаралдық Шерхан Байбол үшінші орынға жайғасты. Сондай-ақ, 48 келі салмақтағы Жан Марат жеңіс тұғырына көтерілсе, 44 келіліктер арасынан Қызылордадан Георги Барамидзе екінші, Атыраудан Олжас Зағпар үшінші орынды иеленді.
Спортшы жастарға арнайы диплом мен медальдар ұсынылып, бағалы сый тарту жасалды.