Kyzylorda-news.kz. Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті. Балғын балуандар бәсекесіне Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларынан және аудандардан 150-ге жуық спортшы қатысты. 

Биыл ауданда 5-ші рет ұйымдастырылып отырған турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. 

«Егемендік жолында құрбан болған бабалар есімін жаңғыртып, олардың өнегелі өмірлерін бүгінгі буынның санасына сіңіру мақсатында түрлі шаралар қолға алынып келеді. Соның бірі – Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир бүгін ауданымызда өткелі отыр. «Өткенін білмей, болашақ болмас» дейді халқымыз. Бүгінгідей ел үшін елеулі күні біз тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабаларымыз бен боздақтарымызды құрметтеп, рухына бас иеміз. Баршаңызға сәттілік! Жеңісті күндеріміз көп болсын!» – деді Дәурен Оңғарбайұлы. 

Әйтеке би кентіндегі №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде өткен байрақты бәсекеде балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Турнир үздіктері мен жеңімпаздары арнайы дипломмен марапатталып, ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтарға ие болды.

Тағы да оқыңыз: