Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Индонезияның Джакарта қаласында өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған жерлес спортшы Зарина Толыбай мен оның бапкері Руслан Жолбарысовты қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан әкімі чемпионды жарқын жеңісімен құттықтап, бұл жетістік Қазалы ауданының ғана емес, Сыр өңірі мен Қазақстанның мерейін асқақтататын маңызды жеңіс екенін атап өтті. Сондай-ақ спортшының жетістігіне үлес қосқан ата-анасы мен жаттықтырушыларына алғыс білдіріп, алдағы халықаралық додаларда да табыс тіледі.
Салтанатты қабылдауда Зарина Толыбайға аудан әкімінің Құттықтауы және 300 мың теңгенің сертификаты, ал бапкері Руслан Жолбарысовқа Алғыс хат пен 100 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Шара барысында ауданның құрметті азаматтары мен спорт ардагерлері сөз сөйлеп, Азия чемпионына ізгі тілектерін жеткізді. Өз кезегінде Зарина Толыбай мен Руслан Жолбарысов көрсетілген құрмет үшін қазалылықтарға алғыс айтты.
Айта кетейік, Қазалы ауданында соңғы үш жылда алты спорт кешені мен бірнеше спорт алаңы пайдалануға берілді.
