Kyzylorda-news.kz Ардақты ақсақалдың да, жалынды жастың да жүрек толқынысымен қарсы алатын мемлекеттік мерекесі 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздер күні. Мемлекеттік рәміздер – ұлттық байлығымыз, ел тарихына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен салт-дәстүрге деген терең құрметтің қайнар көзі. Отан тағдырындағы ең маңызды сәттерде бізді біріктіретін де мемлекеттік рәміздер. Дүние жүзіне айқындайтын да Ту мен Елтаңба. Ресми халықаралық іс-шараларда Отанымыздың Әнұраны шырқалғанда немесе көк Туымыз көтерілгенде әрбір қазақстандық мақтаныш пен патриоттық сезімді сезінеді.

Талай дарын иесі шыққан біздің өңірден спорт саңлақтары да қалыс қалмайды. Оған әлемдік аренада туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды асқақтата орындап жүрген жерлес жастарымыз дәлел. Иә, ауданда жастар арасында спортқа деген құлшыныс жоғары. Сондай спортқа жаны жақын жанның бірі қармақшылық – Еркебұлан Кәжденбек. Ол жақында Тайвань мемлекеті, Тайбэй қаласында гір спортынан Азия чемпионатында аудан намысын қорғап, жеңіс төрінен көрінді. Онда 14 мемлекеттің спортшысы өзара бақ сынасты. Осы байрақты бәсекеде Еркебұлан 73 келі салмақ дәрежесінде өткен серпе көтеруден І орын, жұлқа көтеруден ІІ орын иеленді. Қос сайыстың нәтижесінде  І орынды қанжығасына байлады.

Оның бала күнінен бастап спортқа қызығушылығы оянады. 13 жасынан бері спортқа қатысып, талай додаларда топ жарып жүр. Қазіргі таңда ауданға қарасты №186 қазақ орта мектебінің 10 сыныбын аяқтап жатыр. Спортқа құмар жалынды жас өткен жылы Өзбекстан Республикасы Хиуа қаласында өткен гір спортынан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, спортта баланы баптайтын жаттықтырушының еңбегі жоғары. Себебі түрлі тартыста бақ пен бап қатар жүреді. Ал баптың жақсы болуы бірінші кезекте ұстазға байланысты.

Еркебұлан табанды жігіттердің бірі, спорт шеберіне үміткер. Азия чемпионатына қатысқан шақта «Жеңіске жету сенің басты мақсатың болу керек. Сен бұл белдесуде жеңесің» деп бойына жігер беруге тырыстым. Аллаға шүкір еңбек ақталып жатыр. Әрине, бұл басы да, соңы да емес. Алда талай жарыстар күтіп тұр. Тамыз айында Қырғызстан Республикасында өтетін Әлем Чемпионатына жолдама алдық. Қазір осы жарысқа дайындықты бастап та кеттік, – дейді жаттықтырушысы Бекмұрат Нысанбаев.

Қазақта «Болар елдің баласын бетін қақпай, белін бу» деген тәмсіл бар. Сондықтан Еркебұлан секілді ертеңінен зор үміт күттіретін жастарға тілекші болып, оның әрбір жетістігіне қуанамыз. Әрине, үздіксіз дайындық биік шыңдарға жетелейді. Біздің жас спортшының алдында әлі де талай дүбірлі жарыстардан жеңіспен оралатынына сеніміміз мол.

Тағы да оқыңыз: