Kyzylorda-news.kz. Қазақ қыздары қай кезде де спортта биік белестерді бағындыра алды. Сол бұрымдылардың қатарында бозкілем жүлдегерлері де бар. Жуырда ғана қармақшылық жалынды жастың жетістігі жайлы ақжолтай жаңалықты естіп, тағы бір марқайып қалдық. Толығырақ тарқатсақ.
Ақтау қаласында 12-17 мамыр аралығында самбодан жастар және жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткен-ді. Сол додада қармақшылық қайсар қыз Әсемай Рүстемова аймақ намысын қорғап, 2 дүркін Азия чемпионы атанды. Осылайша олимпиадалық резервтің мамандандырылған аудандық №15 балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Бақберген Тәттімбетовтың шәкірті аудан, облыс мерейін үстем етті. Жағымды жаңалықты ести сала, жерлесімізді жеңісімен құттықтап, жеңімпазды сөзге тарттық.
– Бұл жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымның да дайындығы мықты болды. Бұл жеңіс, бірінші Алланың қалауымен, жаттықтырушым мен отбасымның қолдауының, тынымсыз дайындықтың арқасында келді. Жарыс алдында 16 күн Ақтау қаласында оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Мұндағы төгілген тердің нәтижесі – осы жеңіс. Осы жолғы барлық белдесулерім қиынға соқты. Иә, жеңіс оңайлықпен келмейді. Еліміздің әнұранын екінші мәрте чемпионат төрінде ойнатқаныма қуаныштымын. Дәл сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді 2 дүркін Азия чемпионы Әсемай Ғалымжанқызы.
Иә, әлеуметтік желінің жылдамдығының арқасында біз де Әсемайдың бұл толқынысты сәтінің куәсі болдық. Бейнекөріністегі жерлесіміздің мерейлі кезеңіндегі көз жасының шүкірліктің, қуаныштың, еңбектің нәтижесінен екенін ұғындық. Ел әнұранын үлкен сында шырқату үлкен еңбекті талап ететінін түсіндік.
– Бұл жарыс менің жарақат алғаннан кейінгі шыққан ең үлкен додам. Қаншама сынаққа қарамастан ешнәрсеге сынбай осы жарысқа бар күшімді салдым. Жарақаттан кейінгі сайыс болғандықтан қобалжығаным рас. Алайда өзіме деген сенімділікті жоғалтпадым. Маған үміт артқан жандар қолдау беріп тұрғанда орта жолдан сынуға болмайтынын түсініп, сол кісілердің сенімін ақтауға тырыстым. Біз бұл жарыспен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта Әлем чемпионатына дайындалып, алтынды қайтарамыз деген сенімдемін. Осы ретте маған бағыт-бағдар берген жаттықтырушыма, қолдау білдірген отбасыма, тілекші болған барша жерлесіме алғысым шексіз, – дейді қайсар қыз.
Жеңімпаз ару ертең тағы бір сында бақ сынамақ ниетте Қырғызстанға жол жүрмек. Бақ пен бап жарысатын бозкілемде бұрымды спортшымызға сәттілік серігің болсын дейміз.