Kyzylorda-news.kz. Жас та болса ауданымызда ұлттық спортты дамытуға атсалысып жүрген жастар аз емес. Олар өздерінің біліктілігімен, ұйымдастыру қабілетімен, елжандылығымен дүйім жұртқа танылып, құрмет төрінен көрінуде. Сондай дарынды жастардың бірі – аудан орталығындағы тәжірибелі сала маманы Ғалымжан Ержанов басқаратын №16 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі қол күресі бөлімінің жаттықтырушысы Талғат Қанаев.
Байқоңырда өмір есігін ашып, мектепте білім алып жүріп елімізге танымал жаттықтырушы Әділбек Серікбаевты үлгі ретінде таныған Талғат өсе келе Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында төрт жыл білікті ұстаздардан таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алады. Еліміздің ең ірі мегополисы Алматыда білім алып, өзінің еттірлігімен аталмыш жоғары оқу орнында қол күресімен айналысып, уақыт өте 70 келі салмақта Қостанайда өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңімпаз атанған Талғат 2015 жылы екінші рет өз салмақ дәрежесі бойынша ел жеңімпазы, келесі жылы Көкшетауда өткен ел біріншілігінде қола жүлдегер атанады.
Осылайша жоғары оқу орнын тәмамдаған Талғат туған елге оралып, өзін биік белестерге көтерген спорттың осы түрін аймақта жандандыруға кіріседі.Бұл жылдары ауданда, тіпті Сыр бойында спорттың осы түрі кенжелеп тұрған шағы болатын. Қол күресі, гір тасын көтеру деген тек тойларда, ұлттық мерекелерде ғана ұйымдастырылатын.
Ал өз кезегінде қол күресін өңірімізде жандандыруды қолға алған Талғат аудан, облыстағы сала басшыларының қолдауын иеленіп, алғаш рет аймақта қол күресінен федерация құрады. Өзі сол федерацияның төрағалығына сайланады және өңірдің бас жаттықтырушысы болып тағайындалады.
Ол күндіз-түні тыным таппай мақсат еткен жоспарының жандануына еңбек сіңірді, тіпті еселі еңбегінің арқасында айналасына мықты деген спортшылар жиналып, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көріне бастайды.
Осындай тындырымды тірліктердің нәтижесімен 2019 жылы Талғат аймақтағы спорт басшылығының қолдауымен облыс орталығында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастырып, онда Сыр бойы құрамасы ІІ орынды иемденеді. Чемпионатта қармақшылық қол күрес шеберлері Роман Швед пен Бауыржан Бекжанов, жаңақорғандық Рақымжан Махмут жеңімпаз атанса, Нұрай Сәрсенова мен Руслан Әлімов өз салмақтарында жүлделі орыннан көрінеді.
Жас та болса өз ісінің шебері, бүгінде есімі елімізге танылған спорт маманы Талғат Қанаев өзі жаттықтыратын 40-қа жуық жас қолкүресшіні аудандық спорт клубта спорттың осы түріне баулуда. Спортшылар арасында Роман Швед пен Бауыржан Бекжанов ҚР спорт шебері атанса, олар Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкентте өткен Азия біріншілігіне ел намысын қорғады, Әділбеков Асхат ел чемпионатында жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Грузияда өткен Әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Осы ретте Талғаттан ауданымызда қол күресінің дамуы жайлы сұрағанымызда ол: «Менің балалық арманым орындалды. Марқұм Әділбек ағамның қолдауымен осы спорт түрімен шұғылдана бастадым. Облыста қол күресінен федерация құрып, сол арқылы жұмысымызды жүргізіп, жетістіктерге жеттік. Чемпион атандым. Шәкірттерім де бар есімдері елге танылған. Жас буын өкілдері де жетіліп келеді. Олардан үлкен үміт күтеміз. Алдағы уақыттағы жоспарға келсек өзім де, шәкірттерім де, Әлем біріншіліктерінде жеңімпаздар тұғырында тұрып, ел байрағын желбірету» дейді білектілер бапкері Талғат.