Kyzylorda-news.kzЕл арасында спорт саласының дамуына өлшеусіз қосып, шәкірт тәрбиелеуде еңбегімен елге танылған бапкерлер баршылық. Шәкіртін шынықтыруда тынбай тер төгіп, биік шыңдардан көрінуге сеп болған ұстаздардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтыны сөзсіз. Бүгінде олардың есімі ел жадында.
Сенбіде аудандағы дене шынықтыру сауықтыру кешенінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында самбодан республикалық турнир өтті. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикаларынан және еліміздің Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Түркістан, Қызылорда қалалары мен аудандардан 15 команда, 150-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатына әудан әкімі Жандос Еркінбек, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов, ауданның Құрметті азаматы Нұртілеу Салықов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асылбек Құлмағанбетов және облыстық «Қайсар» футбол клубының директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Садық Мұстафаев қатысты. Салтанатты жиынды аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы ашып, спорт саңлағына айналған жаттықтырушының еңбегі мен жетістіктерін сөз етті.
– Өмірде өшпес із қалдырған белгілі бапкер Әділбек Үргенішбайұлы Сыр спортының дамуына ерекше үлес қосты. Еңбек жолында халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, бірнеше Әлем және Азия чемпиондарын, спорт шеберлерін дайындады. Спорттағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін», мемлекеттік медалімен және «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Бүгінде бапкердің артынан ерген шәкірттері әлі де халықаралық, әлемдік деңгейде ел абыройын биіктен көрсетіп жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен аймақ басшысының тікелей қолдауымен спорт саласы жақсы дамуда. Оған дәлел ауданымыздың үш ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, биыл кенттегі спорт кешенінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге аудан бюджетінен тиісті қаражат қаралды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Еліміздің шет аймағы мен аудан, өзге облыстардан келген спортшыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Сондай-ақ спорттық іс-шараға арнайы келген меймандар Жанмұрат Жақсымұратұлы, Нұртілеу Салықов, Асылбек Қалабайұлы танымал жаттықтырушының спортта үнемі өзін-өзі жетілдіру жолында ізденіспен еңбек еткенін айтып, еске алды.
Әділбек Серікбаев алғашқы еңбек жолын 1986 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінің жаттықтырушысы болып бастаған. Саналы ғұмырында жас спортшыларды шыңдап, оларды халықаралық, әлемдік, республикалық деңгейге көтерді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегендей, қазір шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет атқаруда. «Өмірде жақсы спортшы болу аздық етеді, жақсы адам болу керек» деп үйреткен бапкердің ұлағатты сөзі шәкірттерінің мәңгі жадында.
Байрақты бәсеке мұнан соң спортшылардың белдесуіне жалғасты. Спорт кешенінің төріне жайылған боз кілемде сен тұр мен атайын дейтін балуандар көпшілікке тартысты өнер көрсетті. Бірі қарсыласын көтеріп жықса, енді бірі ел намысы үшін беріспей күресті. Шәкірті үшін тақымын қысқан бапкерлер қолайлы сәт кезінде «енді әрекетке бас» деп түсіндіруде. Ал «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендер бұйырған жүлдені қанжығаға байлады. «Қап, әттеген-ай» деп жеңілгендер жіберген қателігінен сабақ алды. Спортшыларды қолдаған көрермендерде шек жоқ. Жерлестерін жігерлендіргендер әр тұстан айқайлап дем беріп жатты.
Тартысты турнир осылайша үш күнге созылып, нәтижесі анықталды. Қорытындысында 71 келі салмақ дәрежесінде Тимур Токоев (Қырғызстан) – ІІІ орын, Дінмұхаммед Жангелді (Шымкент) – ІІІ орын, Адам Плотников (Қырғызстан) – ІІ орын, Саят Нұржан (Шымкент) – І орын. 79 келі салмақ дәрежесі бойынша Алихан Алиасқаров (Қармақшы) – ІІІ орын, Хусейн Мұхан (Тәжікстан) – ІІІ орын, Сүндет Мұхан (Шымкен) – ІІ орын, Ринат Ақбатыров (Қармақшы) – І орын. 88 келі салмақ дәрежесі бойынша Исламбек Әділбек (Тасбөгет) – ІІІ орын, Чонибек Ниеззодо (Тәжікстан) – ІІІ орын, Ерасыл Ғалымжанұлы (Шымкент) – ІІ орын, Ардақ Мұңайтпас (Қызылорда) – І орын. +88 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Дәулетұлы (Шымкент) – ІІІ орын, Рахат Дарханбеков (Қызылорда) – ІІІ орын, Досымжан Әбдірахман (Қызылорда) – ІІ орын, Илья Сухинин (Қызғызстан) – І орынды иеленді. Марапат төрінен көрінген жеңімпаздарға құрмет көрсетіліп, диплом табысталды.