Kyzylorda-news.kz Бүгін Қармақшы ауданында Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» Сүлейменов Әсет Жәнібекұлын еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир басталды.
Дүбірлі спорт додасының ашылу салтанатына Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек қатысып, Әсет Сүлейменовтың өнегелі өмір жолы мен спорттық мансабында жеткен жетістіктері туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынып жатқан спорт кешендерінің жуырда пайдалануға берілетіндігін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін, Қызылорда облысы дзюдо федерациясының Президенті Садық Шоңмұрынұлы сөз сөйлеп, облыстық турнирдің салтанатты ашылуымен құттықтады.
Әсет Сүлейменов 1969 жылы дүниеге келген. Ол өзінің қайсарлығы мен дарындылығының арқасында көптеген республикалық бәсекелерде жүлделі орыннан көрініп, «КСРО спорт шеберіне үміткер» спорттық атағына ие болған. 1986 жылы еңбек жолын аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған ол кейіннен ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етті.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спорт бәсекесіне облыс бойынша 150-ге жуық спортшы бақ сынайды.