Kyzylorda-news.kz. Қармақшы аудан орталығында Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісінің иегері» Қуаныш Қаражановтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы сөз сөйлеп, Қуаныш Қаражановқа спорт саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады. Сондай ақ, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында салынып жатқан спорт кешендерінің жуырда пайдалануға берілетіндігін айтып, турнирге қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Шарада Қуаныш Қаражановқа, Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы Сағатбек Болатбекұлы, Қазақстан Республикасы «Құрметті спорт қайраткері» Еркін Оразбекұлы ізгі тілектерін білдірді.

Айта кетейік, ХІІІ рет дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнирге Қырғызстаннан және еліміздің Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан барлығы 12 команда, 150-ге жуық спортшы қатысуда.

 

Тағы да оқыңыз: