Kyzylorda-news.kz  Өткен аптада Қармақшы аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай интернационалист жауынгерлер Ә.Өміров, Н.Айсауытов, Р.Доспанов және А.Жыңғылбаевты еске алуға арналған мектеп оқушылары арасында аудандық дәстүрлі спартакиада өтті.

Спорттық шараның негізгі мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау, аудан жастары арасында бұқаралық спортты арттыру, мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеу, болашақ ұрпаққа әскери-партиоттық тәрбие беруге бағытталды.

Спартакиадада оқушылар спорттың 8 түрінен жарысты. Атап айтсақ, баскетбол, волейбол, қол добы, асық ату мен бес асық, үстел теннисі, қол күрес, «АК-74» қаруын бөлшектеу, жинақтау және қарудың оқжатарын жарақтау бойынша бақ сынасып, сайыс көркін қыздыра түсті.  
Екі күнге созылған тартысты додада жалпы командалық есеп бойынша І орынды 65 ұпаймен №250 мектеп-лицей командасы жеңіп алса,  ІІ орынды 61 ұпаймен №105 мектеп-лицейі иеленді. Ал ІІІ орынды 55 ұпаймен №30 орта мектеп оқушылары дәстүрлі спартакиаданың жүлделі орынына жайғасты.

 

 

 

 

Тағы да оқыңыз: