Kyzylorda-news.kz  Гандбол еліміздің әрбір өңірінде дамып келеді. Біздің ауданда да осы спорт түрінен өңір атын шығарып жүрген спортшылар жетерлік. Айталық, қазіргі таңда ауданның талантты ойыншылары ел чемпионатында көзге түсуде. Мұндай нәтиженің басты себебі – бұл спорт түріне қызығушылық танытқан білікті мамандардың белсенді жұмыстары. Негізі қандай спорт түрі болсын, шын беріліп, жағдай жасалғанда ғана нәтиже болатыны белгілі. Қармақшы ауданының гандбол командасының жарқын қадамдары осы спорт түрін жақсы көріп, жаны ашитын шын берілген басшылық пен өз ісінің берілген білікті бапкерлердің жұмысының нәтижесі арқылы жемісін беруде деуге келетін сияқты. Мәселен, гандбол командасына жетекшілік етіп отырған №16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскер Шыңғыс Алиханның белсенді жұмысының нәтижесінде айтулы мектептің қыздары тамаша жетістіктерге жетіп келеді. Тәжірибесі толыққан жас маманның бұл спорт түріне бар ынтасымен берілгендігі сонша команданы әрбір жарысқа өзі бастап апарып, қыздарының ойынға жан-жақты дайындықпен шыңдалуын қадағалап, зор үлесін қосып жүр. 

  – 2018 жылы гандбол саласына келдім. Ол уақытта бұл салада мен жалғыз жаттықтырушы едім. Команда жинадым. Жарыстарға қатысып бастадық. 2019 жылы облыстық чемпионаттан ІІІ орын, «Алтын күз» спартакиадасынан ІІ орын, 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионаттан ІІ орын алдық. Оқушыларым Ақтоты Амангелдиева, Алтын Сәбитова облыс құрамасына кіріп, бірнеше рет Қазақстан чемпионатына қатысты. Одан кейін Қармақшы құрамасы болып Қазақстан чемпионатына қатысып, IV орынды қанжығаға байладық. Аружан Хамитова есімді спортшымыз облыстық құрамаға, кейіннен Ұлттық құрамаға кіріп, онда Әлем чемпионатына қатысты. Одан бөлек те біршама жарыстан жүлделі оралдық. Жуырда ғана 2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан Еркеназ Найман ІІ орын алып, күміс жүлдегер атанды. Қазіргі таңда менен бөлек төрт жаттықтырушы бар. Алдағы уақытта Қармақшы құрамасы Қазақстанның Жоғарғы, бірінші лигасында ойнап, жеңіс төрінен көрінсе деген ниетіміз бар. Ол үшін еңбенуден шаршамаймыз, – дейді аға жаттықтырушысы Шыңғыс Шоқанұлы.

  Иә, спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанның өз ісіне адалдығы, шеберлігі, жасап жатқан жұмыстарынан көрінгендей. Қазіргі таңда, Қармақшы гандбол командасының қатары талантты арулармен толыға түскен екен. 100-ден аса аудан арулары осы спортты өздеріне серік етуде. «Қазанға не салмаң, шөмішіңе сол ілінер» демекші, гандболдың дамуына үшін шапқылап жүрген Шыңғыс сынды жанашыр азаматтың белсенді тірлігі күн санап біліне бастағандай. Нәтижелі жұмысты көрген бөлім басшылары осы саладағы жаттықтырушы санын көбейтіп, жұмыстың жүйелі жүруіне жағдай жасайды. 

  – Бүгінде бұрымдыларымыздың бұл спорт түріне қызығушылығының артуы бізді қуантады. Себебі қолдобы – нағыз тер төгіп, шеберлікті паш ететін олимпиадалық спорт ойыны. Осы ретте талантты жастардың тасада қалмауына бар жағдай жасалынуда. Республикалық, облыстық чемпионаттардан бөлек, аудан көлемінде жылдық жоспарымызға 17 іс-шара енгізілген. Мұның астарында талапты жастардың талантын тану, бұл спорт түріне деген ерекше қолдау бар. Аудандық додаларға барлық ауылды қамтуға тырысамыз. Себебі ауыл – қазақтың күре тамыры, алтын бесігі. Ауыл таланттарын аршып шығарып, ұлы додағы даярлап қосу, ел спортының болашағы үшін маңызы зор. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ел ішінде талантты жастар жетерлік. Тек сол көзінде оты бар, сүйікті спортына деген сүйіспеншілігі жоғары, талантты ұл-қыздарды тани білу бізге міндет, – дейді №16 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Шыңғыс Алихан. 

 Расында да, қолдау, көмек болған жерде табыс та, нәтиже де жайлап келе беретіні анық. Бүгінгі күні Қармақшы гандбол командасының алға қойған басты мақсаты ел біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрамаға өз таланттарының қатарын көптеп қосу арқылы ел чемпионатында қара үзіп алға шығу екені анық байқалады. Ал біз ел ішіндегі таланттарға жол ашып, табысты ойын көрестуге оқталған гандбол командасының алар асулары әлі алда деп ойлаймыз.

Тағы да оқыңыз: