Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде спорт саласы бойынша әлемдік деңгейде бақ сынап, жетістікке қол жеткізіп жүрген даңқты спортшылар көп. Туымызды байрақты  жарыстар тұғырында желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатқан кезімізде жетерлік. Сондай азаматтың бірі – ақайлық самбошы Наурызбек Дәулетбаев. 

Есімдері тек Ақай ауылы тұрғындарына ғана емес, қармақшылықтарға танымал өнегелі отбасы иелері – Бердалы Дәулетбай мен Қарлығаш Сәдуақасовадан тараған жеті баланың кенжесі Наурызбек Бердалыұлы өзі туып-өскен ауылындағы мектепті тәмамдаған соң, бала кезден өміріне серік еткен самбоны жетілдіруде жүрек қалауы арқылы жоғары оқу орнында білім алады. 

Спортқа жақын көп ағайынды отбасында өскен Наурызбек жоғары оқу орнын бітірген соң туған жерге оралып, ауыл жастарын спортқа баулуда №16 аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің самбо бөліміне жұмысқа орналасады. 

Ауыл тұрғындарына ақындығымен, елжандылығымен танылған Бердалы Дәулетбайұлы ақсақал да спортқа жақын жанкүйер. Ол шахмат, теннис, бильярд, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерімен айналысады. Ардагерлер арасында өткізілген аудандық жарыстарда жеңімпаз атанған спортшы. Осындай спорт сүйер отбасында тәрбиеленген Наурызбектің бала жасынан самбомен айналысуына себепкер болған адам ол туған ағасы Кендебай екенін айтады. Содан ол аға ақылымен 9 жасынан алғашқы жаттықтырушысы Төлеби Төлеповпен самбо үйірмесінде жаттыға бастайды.

Жас балуан спортқа келген күннен бастап, өзінің зеректігін көрсетіп, көп ұзамай өз салмағында жеңімпаз атанады. Көптеген аудандық, облыстық жарыстарда өзі белдескен салмақ дәрежесінде топ жарып, жеңімпаздар көшінен көрінеді.
Мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы «Спорт және туризм» академиясына оқуға түсіп, оны 2013 жылы бітіргеннен кейін елге оралады.

Содан бері талай дүбірлі додаларға қатысып, биік тұғырдан орын алған  Наурызбек бүгінде Ақай ауылындағы аудандық №16 балалар және спорт мектебінің филиалында жаттықтырушы ретінде спортқа жаны құмар жас өрендерді самбоға баулуда. Наурызбектің тағдыры табыстырған өмірлік жары  Назерке де самбошы. Ол да көптеген дүбірлі жарыстарда жеңімпаздар тұғырынан орын алып, абыройлы болған спортшы десек артық атқандық емес. Өздерінің өмірлерін спортпен байланыстырған екі жас кейін келе өмірлерін бір шаңырақ астында байластырып, бүгінде ұрпақ сүюде. Назерке инабатты келін, сүйікті ана ретінде қазақ келініне тиесілі қасиетімен ауыл-аймаққа сыйлы, дастарханын нан мен аққа толтырып, ел ризашылығын алған келін болып келеді. 

Осы ретте Наурызбектен бүгінгі уақытқа дейін қолы жеткен жетістіктері жайында айтып беруін сұрағанымызда ол: «2009 жылы Қазақстан чемпионатына қатыстым. 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен самбоның жауынгерлік түрінен өз салмағым бойынша жеңімпаз атандым. Астана қаласында  ҚР Президенті жүлдесі үшін өткізілген Әлем кубогында жеңіске жеттім. Одан кейін де республикалық деңгейде өткен және Ашхабад, Ташкент, Түркменстанда өткен байрақты жарыстарда жүлделі орындарға көтерілдім» дейді Наурызбек.

Ақай ауылында  өсіп-өніп, бүгінде өңірімізде спорт саласын дамытуға атсалысып жүрген сайыпқырандар көп. Солардың қатарынан орын алатын Наурызбек Ақай ауылындағы аудандық №16 спорт мектебінің филиалында самбодан 9-13 жас аралығындағы 35 баланы жаттықтырады. 

«Бапкердiң бағыты анық болса, шәкiрттiң де сенiмi нық. Менің үмітімді ақтап, республиканы былай қойғанда, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген шәкірттеріме ризамын. Шәкірттерді іріктегенде алдымен олардың туған жылын, жас ерекшелігін ескереміз, содан кейін әр шәкірттің дене дайындығы мен мінез-құлқының ерекшелігіне назар аударамыз. Егер олар самбо күресімен айналыспас бұрын басқа спорт түрімен шұғылданған болса, онда ондай жаттығушылардың дене дайындығы басқаларға қарағанда жақсы болып келеді, сондықтан оларды жеке топқа бөлеміз» дейді Наурызбек бапкер. 
Бақытын боз кілемнен тапқан Наурызбек Бердалыұлы өзі жаттықтыратын шәкіртерінің жетістіктерімен қуанып, елімізде спорт саласының дамуына азаматтық үлесін қосып жүрген білікті мамандар қатарынан көрініп жүрген жас маман.

Тағы да оқыңыз: