Kyzylorda-news.kz  23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлері күніне орай Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылдық округінде «Аудан әкімінің кубогы» жүлдесі үшін шағын футболдан турнир өтті.

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай ақ, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін аудандық мәслихат төрағасы, аудандық футбол федерациясының төрағасы Әділ Қошалақов, аудан ардагерлері Асқар Мереков, Қаршыға Есдаулетовтер құттықтау тілектерін жеткізіп, батасын берді.

Мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен дүбірлі спорт додасына 29 мемлекеттік мекемеден 10 команда, 100-ден аса спортшы қатысып, ала доп бәсекесінде сайысқа түсті.

Тартысты өткен турнирде «Полиция бөлімі» командасы топ жарса, екінші орынға «Жосалы кенті әкімі аппараты», үшінші орынға «Қорқыт елі» (аудандық қоғамдық даму, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімдерінен құралған) командасы тұрақтады. 

Жеңімпаз командаларға арнайы аудан әкімінің кубогы мен дәрежелік дипломдар және демеуші азаматтар тағайындаған қаржылай сыйлықтар табысталды.

Футбол саласындағы жаңалықтарды толықтырсақ, қызылордалық «Қайсар»  футбол командасы өткен маусымды 6-орынмен аяқтаған болатын.  Алдыңғы айда өз алаңында Астананың «Жеңіс» командасын қабылдады. Одан кейін маусым айында Қостанайда «Тобыл» командасымен текетіресіп, 1:0 есебімен қарсыластан оза шыққан болатын. Тәжірибелі қарсыластарының осал тұсын тауып, биылғы біріншіліктегі үшінші жеңіске қол жеткізді. Осы аптаның сенбі күні  қайсарлықтар өз алаңында түркістандық «Тұран» командасын қабылдады. Тартысты додада қасқырлар қайсарлық танытып, қонақтар қақпасына гол салды. Дегенмен тұрандықтар да осалдық танытпай, алаң иелерімен тең түсті. Есеп 1:1 болып, командалар тең түсті. 


Қорлан САРЫ
Фото:krasnogvar56.ru

Тағы да оқыңыз: