Kyzylorda-news.kz. Жақында қармақшылықтар халықаралық аренада шаршы алаңды бағындырған батыр қыздарды ыстық ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.
Қазақ қыздары қай кезде де спортта биік белестерді бағындыра алды. Сол бұрымдылардың қатарында бозкілем жүлдегерлері де бар. Жуырда ғана жерлесіміздің жетістігі жайлы ақжолтай жаңалықты естіп бір марқайып қалдық. Ел мерейін көтерген Азия чемпионы Әсемай Ғалымжанқызы мен жүлдегері Ұлтай Шакманқызын әрі қарай аудан әкімі Жандос Еркінбек қабылдап, байрақты бәсекедегі жарқын жеңістерімен құттықтады.
– Еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, табандылық пен жоғары спорттық шеберлік көрсетіп, елімізді халықаралық сайыста лайықты көрсете білдіңіздер. Алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыруларыңа тілектеспін. Ал біз спортшыларымыздың алаңсыз жаттығу жасауына бар мүмкіндікті жасаймыз, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы.
Сондай-ақ, аудан басшысы жас спортшылар мен бапкерлерін алғыс хаттармен марапаттап, қаржылай сыйлықтар табыстады.
Айта кетейік, 12-17 мамыр күндері аралығында Ақтау қаласында өткен самбодан жастар арасындағы Азия чемпионатында Әсемай Ғалымжанқызы І орын, Ұлтай Шакманқызы жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын.