Бүгін жерлесіміз, аса ауыр салмақта өнер көрсететін боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасының алдында ел ағаларының батасын алды.
Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.
– Қамшыбек, айналайын, өзіңе бүкіл қазақ жұрты сенім артып отыр. Үлкен доданың алдында ел ағаларының батасын алып жатқаның құптарлық іс. Құдай қолдап, қарсыласыңның бәрін жең. Алтыннан алқа тағынып, Олимпиада чемпионы бол, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Сонымен қатар ел ағасы Дайрабай Ысқақов та ыстық ықыласын білдірді.
Қамшыбек Қоңқабаевтың өзі болса Олимпиада алдында үлкендердің батасын алғанды жөн санағанын жеткізді.
– Енді екі-үш күнде үлкен додаға соңғы дайындық басталады. Құдай қаласа, 19 шілдеде жолға шығамыз. Қазақта «батаменен ер көгерер» деп жатады ғой. Олимпиада алдында осылай үлкендердің батасын алғанды жөн көрдім, – деді былғары қолғап шебері.
Айта кетейік, күні кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қамшыбек Қоңқабаевты қабылдап, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын.
Фото: prosports.kz
Фото: prosports.kz
Фото: prosports.kz